Теннисші Новак Джоковичтің дәуірі аяқталды ма
АСТАНА. KAZINFORM – «Үлкен дулыға» турнирлері ішінде әлемдегі ең байырғы жарыс болып есептелетін Уимблдон мәреге таялып келеді.

1877 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан теннис додасында биыл ерлер арасында финалға әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, 23 жастағы италиялық Янник Синнер мен одан бір жасқа кішілігі бар испаниялық Карлос Алькарас шықты.
Осылайша, биылғы Ролан Гаррос турнирінің финалы қайталанып отыр. Онда бес сетке созылған аса тартысты матчта К.Алькарас камбэк жасап, Я.Синнерді ұтқан еді.
Уимблдонда жартылай финалда Я.Синнер «Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джоковичті 6:3, 6:3, 6:4 есебімен қапы қалдырды.
Италиялық спортшы Н.Джоковичті қатарынан бес рет ұтқан теннис тарихындағы екінші спортшы атанды. Бұған дейін осындай нәтижеге 2008-2009 жылдары испаниялық, «Үлкен дулығада» 22 рет үздік атанған Рафаэль Надаль жеткен еді.
Сонымен қатар Синнер Джоковичтен тоғыз сет қатарынан айласын асырып, рекорд орнатты. Бұрынғы үздік нәтиже швейцариялық, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 20 дүркін чемпионы Роджер Федерерге тиесілі еді. Ол 2006 жылы Монте-Карло мен 2007 жылғы Дубай жарысына дейінгі аралықта Джоковичті сегіз сет қатарынан жеңген еді.
Сөйтіп Лондон төрінде жеті рет үздік шыққан 38 жастағы Н.Джоковичтің тағы бір үміті үзілді.
Сербиялық спортшы Уимблдонда 2011 жылы алғаш рет чемпион атанған кезде Я.Синнер он жасқа толмаған еді.
Теннис мамандарының пайымдауынша, Новактың өзінен әлдеқайда жас Я.Синнер мен К.Алькараспен тайталасуы қиындап бара жатыр. Биыл Ролан Гарроста да Джоковичті Синнер тоқтатты.
Ал өткен жылы Уимблдон финалында К.Алькарас сербиялық теннисшіні 6:2, 6:2, 7:6 (7:4) есебімен жеңген болатын.
Дегенмен Н.Джокович Уимблдонға тағы да кем дегенде бір рет оралатынын мәлімдеді.
«Үлкен дулыға» додаларында қатарынан төртінші рет финалға шыққан Я.Синнер Уимблдонда алғаш рет чемпиондық атақ үшін таласады.
Сербиялық теннисші финалда К.Алькарасты фаворит ретінде есептейтінін жеткізді. Бірақ Я.Синнер екеуінің ойын деңгейі шамалас.
Әйелдер арасында әлемнің 4-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің бес дүркін чемпионы, Польша өкілі Ига Швентек пен рейтингіде 12-орында тұрған америкалық, орыс эмигранттарының қызы Аманда Анисимова бүгін финалда ойнайды. Олардың қайсысы үздік шықса да, өз спорттық жолында алғаш рет Уимблдонда жеңімпаз атанбақ.
Кейінгі кезде сәтсіз өнер көрсетіп, әлемдік рейтингіде көшбасшылық рөлден айырылып қалған И.Швентек бабына қайта келгендей. Ол соңғы бәсекеде фаворит есебінде болмақ. Дегенмен жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенконы сүріндірген А.Анисимова оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол спорттық жолында бірінші рет «Үлкен дулыға» додасының финалында ойнағалы отыр.
Уимблдонда фавориттердің қатарында аталған 2022 жылғы чемпион, қазақстандық Елена Рыбакина үшінші айналымда күтпеген жерден даниялық Клара Таусоннан ұтылып қалды. Егер одан өткенде, төртінші айналымда И.Швентекпен кездесетін еді.
Өткен жылы жартылай финалға дейін жеткен Е.Рыбакина WTA Live рейтингісінде 11-ден 13-орынға сырғып тұр.
Сол секілді алғашқы айналымнан аса алмаған Александр Бублик 31-ден 34-сатыға ығысады.
Жасөспірімдер арасында жұптық сында жартылай финалға дейін жеткен 17 жастағы Әмір Омархановты айтпағанда, қазақстандықтар жылдың басты додаларының бірінде сәтсіз өнер көрсетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың Уимблдон турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған едік.