Теннисші Александр Бублик Чэнду турнирінің финалында жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Александр Бублик Қытайдағы Чэнду ATP турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 71-орында тұрған А.Бублик финалда әлемнің 63-ракеткасы, испаниялық Пабло Карреньо-Бустамен чемпиондық атақ үшін таласты.

Қазақстандық теннисші биыл 22-ге толса, тәжірибелі қарсыласы 28 жаста еді.

Бұл А.Бубликтің спорттық жолындағы ATP жарыстарындағы екінші финалы еді. Бұдан бұрын ол биыл АҚШ-тағы Ньюпорт додасының финалында ұтылған еді.

Осыған дейін А.Бублик пен П.Карреньо-Бустаның бір-ақ рет жолдары тоқайласып, 2016 жылы Мәскеудегі «Кремль кубогы» жарысының ширек финалында испаниялық спортшы 6:4, 2:6, 7:6 (7:1) есебімен ұтқан еді. Сосын Пабло сол турнирдің чемпионы атанған болатын. Жалпы, кезінде рейтингте 10-орынға дейін көтерілген испаниялық теннисші ATP додаларында үш мәрте жеңіске жеткен.

Бұл жолы бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда А.Бублик алғашқы сетболын пайдалана алды – 7:6 (7:5).

Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Бубликтің босаңсығанын пайдаланған Карреньо-Буста брейк жасап кетті. Ол сол басымдылығынан айырыла қойған жоқ – 6:4.

Үшінші, шешуші сетті бастаған А.Бублик қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік бермеді. Ақыры чемпиондық матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Мұнда Пабло бірден қос минибрейк жасап, 4:0 есебімен алға кетті. Әрі қарай сенімді ойнаған ол жеңісті уысынан шығарған жоқ – 7:6 (7:3).

Тартысты бәсеке 2 сағат 8 минутқа созылды.

Жалпы, испаниялық спортшы матч барысында допты жақсы бере алатынын көрсетсе, тартыс Бубликтің геймдерінде көбірек өрбіді. Кейбір ұрымтал сәттерде қазақстандық теннисшінің эйстері көмекке келді. Бірақ жеңіс үшін бұл жеткіліксіз болды.

Осылайша А.Бублик жүлде қоры 1,2 млн АҚШ долларынан асатын турнирдің финалында ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Бейжіңде әлемнің 1-ракеткасымен кездесетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар