Теннисші Юлия Путинцева әлемнің 1-ракеткасымен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Юлия Путинцева Бейжің WTA турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда ресейлік, дүниежүзілік рейтингте 66-орында тұрған Анна Блинковамен күш сынасты.

Бірінші партияда Ю.Путинцева қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Екінші сетте Юлия тағы да 3:0 есебімен алға шықты. Тек содан кейін ғана А.Блинкова өзі доп берген геймді алды. Ю.Путинцева матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.

Қазақстандық теннисшінің айқын басымдылығымен өткен бәсеке 1 сағат 10 минутқа созылды.

Бейжіңде іріктеу сайыстарының финалында кеше Зарина Дияс дәл осы А.Блинковадан ұтылып қалған болатын. Осылайша Заринаның кеткен есесін Юлия қайтарды.

Ю.Путинцева Бейжің додасының (жүлде қоры – 8,3 млн-ға жуық АҚШ доллары) екінші айналымында әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Бейжіңде негізгі турнирге өте алмағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар