Теннисші Бейбіт Жұқаев Пуэрто-Рикодағы турнирді жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемнің 256-ракеткасы, қазақстандық Бейбіт Жұқаев Пальмес дель Мар (Пуэрто-Рико) челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 242-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, жапониялық Юта Шимизумен шеберлік байқасты.
Бейбіт Жұқаев қарсыласын 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 5 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Б.Жұқаев ширек финалға шығу үшін америкалық Эван Чжу немесе норвегиялық Виктор Дурасовичтің біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев тартысты матчта бразилиялық Жоао Лукас Реис Да Сильваға жол берді – 7:5, 4:6, 5:7.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның ресми түрде әлемнің үшінші ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингте үздік елулікке қайта кірді.