Теннисші Бейбіт Жукаев Таиландтағы жарыстың жартылай финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Бейбіт Жукаев Таиландтағы Bangkok Open челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннисші Бейбіт Жукаев Таиландтағы жарыстың жартылай финалына шықты

Ақтау теннис мектебінің түлегі, дүниежүзілік рейтингте 395-орында тұрған Б.Жукаев ширек финалда әлемнің 271-ракеткасы, монаколық Валентин Вашеромен тартысты кездесу өткізді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші 7:5, 3:6, 7:6 (7:2) есебімен жеңісті жұлып алды.

Үшінші, шешуші сетте монаколық спортшы есеп 5:4 болған мезетте матчқа доп берді. Бірақ Бейбіт брейк жасап, таразы басын теңестірді. Сосын тай-брейкте айқын басымдылық танытты. Жукаев бәсеке барысында 18 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Б.Жукаев финалға шығу үшін әлемнің 432-ракеткасы, франциялық Артур Казомен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Анна Данилинаның екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық екі теннисші Испаниядағы жарыстың ширек финалына өтті.





Фото: ktf.kz