Теннисші Елена Рыбакина Штутгарт турнирін сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 224-орында тұрған, жарысқа арнайы шақырту алған германиялық Настасья-Мариана Шункпен шеберлік байқасты.

Қарсыластар бұған дейін кездеспеген еді.

Өткен аптада елордада Қазақстан – Германия матчында Лаура Зигемунд пен Анжелика Керберді ұтқан Е.Рыбакинаға бұл жолы да олардың отандасы тап келді.

Бірінші партияда 19 жастағы неміс спортшысы 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Е.Рыбакина басымдық танытты – 7:6 (7:3).

Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Алайда матчқа доп бергенде, Шунк брейк жасап кетті – 5:5. Дегенмен Рыбакина сол бойда қайтадан брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Е.Рыбакина жүлде қоры 703 580 АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен таласады.

Штутгарт жарысының өткен жылғы жеңімпазы, аустралиялық Эшли Барти биыл спорттық мансабын аяқтағандықтан, турнирде жаңа чемпион анықталмақ.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Ыстанбұл WTA 250 турнирінде бақ сынайды. Ол бастапқы кездесуін рейтингте өзінен алты саты төмен тұрған Польша өкілі Магда Линетпен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ӘЧ іріктеу турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар