Теннисші Тимофей Скатов Италиядағы турнирдің жартылай финалына өтті

Тимофей Скатов ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 281-орында тұрған мажарстандық Мате Валкушпен күш сынасты.
Бірінші партияда мажарстандық теннисші 6:1 есебімен айқын басымдылық көрсетті. Ол екінші сетте де 4:0 есебімен алға кетті. Дегенмен, бұдан кейін Тимофей шеберлігін таныта білді – 7:5.
Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы 4:0 есебімен алға шыққан кезде қарсыласы матчты жалғастырудан бас тартты.
Екі сағатқа созылған бәсеке барысында Т. Скатов эйс жасамаса да, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Тимофей Скатов финалға шығу үшін әлемдік рейтингіде 184-сатыдағы италиялық Джанлука Магермен таласады. Ол ширек финалда әлемнің 85-ші, жарыстың 2-ракеткасы, сербиялық Душан Лайовичті қапы қалдырды – 7:6 (7:3), 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астана турнирінде ширек финалға шыққан ойыншылар анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, теннисші Тимофей Скатов Италиядағы жарыстың ширек финалына шықты.
Фото: olympic.kz