Теннисші Тимофей Скатов Лиссабон турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 165-ракеткасы, франциялық Бенуа Пэрмен кездесті.
Б.Пэр кезінде ATP жарыстарында төрт рет чемпион атанып, рейтингте 65-орынға дейін көтерілген болатын.
Соған қарамастан, Т.Скатов атақты қарсыласын 6:4, 2:6, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта Т.Скатов 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Қарсыласы 15 эйс, 3 брейкпен (15 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов финалға шығу үшін әлемнің 137-ракеткасы, италиялық Марко Чеккинатомен таласады. Ол әлемнің 129-ракеткасы, испаниялық Карлос Табернерді жолдан тайдырды - 7:6 (7:2), 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Аргентинадағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бейбіт Жукаев екі мәрте ел чемпионы атанды.
Фото: sports.kz