Теннисшілеріміздің табысы әлі алда – Диас Досқараев

Диас Досқараев
Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев Билли Джин Кинг кубогінің Жапония мен Қазақстан арасындағы іріктеу матчын қорытындылап, Kazinform тілшісіне сұхбат берді.

- Диас Бауыржанұлы, екі күнге созылған текетірес жөнінде не айтасыз?

- Әрине, аталмыш матчта жеңіліп қалғанымыз өкінішті. Дегенмен команда көшбасшысы Елена Рыбакина ойнамаса да, бізде мүмкіндік болды. Биыл ақпанда Қазақстан ерлер құрамасы көшбасшы тенннисшілерсіз өнер көрсетсе де, қайсарлық танытып, жеңіске бір қадам жетпей тоқтады. Бұл жолы бірінші күні Юлия Путинцева Наоми Осакамен бәсекеде екінші сетте ұтуына болатын еді. Анна Данилина жекелей сында ойдағыдай ойнай алмады. Екінші күні Юлия есепті қысқартып, Жібек Құламбаеваның Осакаға қарсы тұруына мүмкіндік береді деп үміттендік. Бұл командалық жарыс болғандықтан, бәрі де мүмкін. Шешуші ойынға дейін жетеміз деп ойладық, жұптық сынға қатты дайындалдық. Жалпы алғанда, команда қолдан келгеннің бәрін жасады. Сырт алаңда Жапония сияқты күшті командамен сынға түсу оңай емес. 

- Көптеген жанкүйер бірінші күні неге Жібек немесе Аружанға мүмкіндік берілмеді, жекелей сында Жапонияның мықты теннисшісіне неге Анна Данилинаны шығарды? деп сұрайды. Бұған не уәж айтар едіңіз?

- Бапкерлік штаб бәрін есептейді. Тәжірибе, әзірлік жиыны, ойыншылардың дене дайындығы, тактика, стратегия және басқа жайттардың барлығы ескеріледі. Мысалы, көпшілік әдетте әзірліктің қалай өткендігіне жете білмейді. Ойыншылар бір-екі күн бұрын жаттығуда өздерін қалай сезінеді, олар белгілі бір қарсыластың стиліне бейімделе алады ма, осының бәрі сарапқа салынады. Әрине, рейтингідегі айырмашылықты түсінеміз. Үнемі WTA турнирлерінде тұрақты ойнап жүрген Нао Хибино мен рейтингіде 400-900-орын аралығындағылардың тайталасуы қиын. Қосалқы құрамда негізгі ойыншыларды алмастыра алатындай теннисшілер әзірге болмай тұр. Бұдан қорытынды шығарып, жұмыс істеудеміз. Зарина Диястың дайын болуы үшін бар күшімізді салдық, біз оны ұмытқан жоқпыз. Сондықтан Анна, Жібек, Аружан, Заринаның ішінен қазіргі сәтте ең лайықтысын таңдадық деп ойлаймын. Командалық жарыстарда ойыншы ел намысын қорғайды. Сол себепті ол жеңіліс тапса, тұтас командаға да оңай тимейді. Командалық турнирлердің ерекшелігі осында. 

- Енді Қазақстан – Жапония матчының оңды тұстарын атай аласыз ба?

- Мен ойыншыларымыздың бәсекесін мұқият қайталап көрдім. Әрине, Юлияның төрт бірдей матчболды пайдалана алмауы өкінішті. Дегенмен қазақстандықтар барынша жоғары деңгейде өнер көрсетті, бұл біздің бағытымыздың дұрыс екендігін танытады. Біз мықты командаға тартысты матчта жол бердік. 24 жастағы Жібек Құламбаеваның ойынындағы ілгерілеушілік қуантады. Ол Аннамен бірге дүниежүзілік рейтингіде ТОП-20-ға кіретін жұпты тізе бүктірді. Жібектің кортта өзін қалай ұстағанын, қалай шебер қимылдағанын бәріміз көрдік.

- Сонымен, Зарина Дияс ақыры неге шықпады?

- Ойыншылардың жарақаттан кейін қалпына келуі өте қиын. Өз спорттық жолында Зарина көптеген ота жасатты, ол соңғы екі жылда бірде-бір рет ресми матчқа қатысқан жоқ. Қазір ғана Зарина барлық қиындықты жеңіп, тенниске деген адалдығын көрсетті, ұлттық құрама үшін ойнауға дайын екендігін білдірді. Токиоға күні бұрын келіп, жаттықты, әзірленді. Біз оған сенім артып, түрлі нұсқаны қарастырдық. Бірақ біз үшін де, Зарина үшін де қайта жарақат алып қаупін ескеру маңызды. Сондықтан бапкерлік штабпен жағдайды сараптай келе, оның өзімен және жаттықтырушысымен ақылдасып, кортқа басқа ойыншыларды шығаруды жөн деп таптық. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Түркиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік

Сондай-ақ Елена Рыбакинаның Штутгарт турниріндегі қарсыласы анықталды.

Соңғы жаңалықтар