Теннистен ӘЧ: Аустралиямен матчта Юлия Путинцева таразы басын теңестірді

Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Аустралиямен матчта әлемнің 69-ракеткасы Юлия Путинцева таразы басын теңестірді, деп хабарлайды Kazinform.

Теннис
Фото: ҚТФ

Дүниежүзілік рейтингте 113-орында тұрған Кимберли Биррелмен бәсекеде Ю.Путинцева бірінші сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Екінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Биррел брейк жасап кетті – 5:4. Бірақ Юлия бұдан кейін қатарынан үш геймді өз есебіне жазды – 7:5.

Бір сағат 28 минутқа созылған бәсеке барысында Ю.Путинцева 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Осылайша, Қазақстан – Аустралия матчында есеп теңесті – 1:1.

Енді матч тағдыры жұптық сындағы ойында шешіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Болгариядағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Теннистен әлем чемпионатында Қазақстанмен матчта Аустралия алға шықты.

 

Соңғы жаңалықтар