Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы іріктеу турнирін екінші орынмен аяқтады

спорт
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогінің Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі мәресіне жетті.

Финалда Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Жапония командасына аса тартысты матчта 1:2 есебімен жол берді.

Шымкентте бірнеше күн бойы жаңбыр жаууына байланысты алғашқы екі ойын залда хард төсенішінде өткізілді. Алдымен Дамир Жалғасбай Каваниши Хьюға есе жіберді – 6:1, 1:6, 1:6.

Бұдан кейін Заңғар Нұрланұлы Жапония командасының көшбасшысы Табато Рюдан айласын асырды – 6:4, 6:4. Заңғар іріктеу кезеңінде 6 кездесу өткізіп, бәрінде қарсыластарына бірде-бір сет бермей, жеңіске жетті.

Үшінші, шешуші бәсекеде жұптық сында ұпай жапониялықтардың қанжығасында кетті – 3:6, 7:6 (7:5), 10:6.

Жапония екінші жыл қатарынан іріктеу турнирінде бірінші орынға ие болды.

Соңғы сында ұтылып қалғанына қарамастан, Сергей Квактың шәкірттері бір апта бойы жеңіске деген жігерлерін жани білді. Өткен жылы қазақстандық жасөспірімдер үздік үштікке іліксе, биыл екінші сатыдан көрінді.

Енді Жапония, Қазақстан, Гонконг және қытайлық Тайбэй командалары алдағы күзде Juniors David Cup финалдық кезеңінде бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар