Теннистен ӘЧ: қазақстандық қыздар іріктеу турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Шымкент қаласында Belline Arena ұлттық теннис орталығында 16 жасқа дейінгілер арасында Билли Джин Кинг кубогы (командалық әлем чемпионаты) Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирі өтіп жатыр.

Азия мен Тынық мұхит аймағы бойынша 16 команда финалдық кезеңге берілетін жолдаманы сарапқа салуда.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы D тобына Қытай, Таиланд, Филиппин командаларымен бірге түсті.
Жарыстың алғашқы күні Ярослава Шведованың шәкірттері филиппиндіктерді 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Алдымен Еркежан Жаңатаева Джейденге еш мүмкіндік қалдырмады – 6:0, 6:0. Оның бастамасын Ева Корышева жалғап, Диазды 6:0, 6:2 есебімен қапы қалдырды. Жұптық сында Еркежан мен Ева Джейден – Францискуды оңай жеңді – 6:1, 6:2.
Бірінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайда үш ұпайдан бар. Қытайлықтар Таиланд құрамасын тізе бүктірді – 3:0.
Ертең қазақстандықтар Таиландпен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында АҚШ-пен ойнайтынын жазған едік.