Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан – Норвегия матчында Бублик таразы басын теңестірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ослода Дэвис кубогының іріктеу кезеңінде Норвегия – Қазақстан матчында Александр Бублик пен Виктор Дурасович кортқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

А.Бублик Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы болса, қарсыласы дүниежүзілік рейтингте 321-орында тұр.

Бірінші партияда бірден ойын тізгінін қолына алған қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 2:0. Осы басымдылығын сақтай білді – 6:3.

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Бублик брейк жасай алды. Тағы бір брейк – 5:2. Сосын кездесуді эйспен бітірді – 6:2.

Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 11 эйс жасап, 3 брейкке қол жеткізді.

Осылайша А.Бублик Қазақстан – Норвегия матчында таразы басын теңестірді. Есеп – 1:1.

Қалған ойындар 5 наурыз күні болады. Үш жеңіске қол жеткізген құрама Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Норвегияның Қазақстанмен матчта алға шыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар