Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының ӘЧ-дағы қарсыластары белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Командалық әлем чемпионаты саналатын Билли Джин Кинг кубогы іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды.

Қазақстан әйелдер құрамасы командалық әлем чемпионатының іріктеу сайысында D тобында Аустралия және Колумбиямен ойнайды. Бұл топтың матчтары 2025 жылғы сәуір айының екінші аптасында өтеді.
Биыл Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне 12 емес, 8 команда қатысады. Алты топтың жеңімпаздарына турнир қожайыны Қытай мен 2024 жылғы әлем чемпионы Италия қосылады.

Әр топта екінші және үшінші орын алған командалар плей-офф кезеңінде аймақтық топтық турнирлердің үздіктерімен сынға түседі. Плей-офф кезеңінде топтарда үш командадан ойнап, жеңімпаздары 2026 жылдың іріктеу сатысына жолдама алады. Ал 2026 жылдан бастап іріктеу жарыстары мен плей-офф өз алаңында және сыртта өтетін дәстүрлі матчтарға қайта оралады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Португалиядағы жарыста Попконы жеңген Жұқаевтың ширек финалға өткенін жазған едік.