Теннистен Қазақстан - Германия матчының жеребесі тартылды

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, доданы Юлия Путинцева мен әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы Анжелика Кербер бастайды.
Бұл жұп Ұлттық теннис орталығының орталық кортына жұма күні елорда уақытымен сағат 13:00-де шығады.
Осы кездесу біткеннен кейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мен Лаура Зигемундқа кезек келеді.
Сенбі күні матч сағат 14:00-де жалғасады. 16 сәуірде Анжелика Кербер – Елена Рыбакина, Юлия Путинцева – Лаура Зигемунд және жұптық сында Анна Данилина/Елена Рыбакина – Анна-Лена Фридзам/Юле Нимайер кездеседі деп жоспарланып отыр.
Үш жеңіске жеткен команда Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Германия бірінші ракеткасы Қазақстанмен матчтың қиынға түсетіні туралы айтқанын, Александр Бубликтің Монте-Карло мастерс турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.