Теннистен Қазақстан – Корея матчы: Қарсыласты бағаламауға болмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Билли Джин Кинг кубогы аясында Қазақстан мен Корея құрамалары арасында өтетін плей-офф матчы қарсаңында команда капитандары мен ойыншылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты болды.
Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин қарсыласты бағаламауға болмайтынын айтты.
«Команда мүшелерінің барлығы жиналды, жаттығып жатыр. Бәрі де бабында, денсаулығы жақсы. Қандай жағдай болмасын қарсыласты бағалау керектігін айтқым келеді. Иә, олардың бірінші ракеткасы келген жоқ, қалғандарымен біздің қыздар ойнап көрмеген. Дегенмен біз олардың шеберлігі қандай екендігін білеміз, дайындалатын боламыз. Ең бастысы, жеңеміз деп есептейміз. Толыққанды жақсы бәсекелестікке әзір болуымыз керек», деді Ю.Щукин.
Корея капитаны Юнбэ Ким жастарға сенім артқанын жеткізді.
«Біз жастарға мүмкіндік беру үшін Астанаға команда көшбасшысынсыз келдік. Біз жақсы дайындалдық. Керемет ойындар болады деп үміттенеміз. Менің білуімше, бұл екі команда арасындағы тоғызыншы ойын болмақ. Әзірге сіздің команда алда келеді. Бірақ 16-17 қарашада кортқа мүлдем басқа құрамалар шығады. Мақсатымыз біреу – жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алу», деді Ю.Ким.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасының арбадағы теннисшілер үшін шеберлік сағатын өткізгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина әлемдегі ең көп табыс тапқан он теннисшінің қатарына кірді.