Теннистен Қазақстан мен Германияның бірінші ракеткалары алғаш рет өзара кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордадағы Ұлттық теннис орталығында Билли Джин Кинг кубогы аясында Қазақстан – Германия матчы жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуелі кортқа Қазақстан мен Германияның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Анжелика Кербер шығады. Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі болмақ.

«Үлкен дулыға» турнирін (2016 жылы Аустралия мен АҚШ ашық чемпионаттары, 2018 жылы Уимблдон додасын) ұтып, дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 17-сатыда тұрған А.Кербер 34 жаста болса, Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Е.Рыбакина биыл 23-ке толады.

Кеше Қазақстанның өз алаңында тырнақалды ойынын өткізген Елена Рыбакина А.Кербермен бәсекеге де тыңғылықты дайындалатынын жеткізді.

Екі елдің бірінші ракеткаларынан кейін Юлия Путинцева мен Лаура Зигемунд өзара сынға түседі. Бұлар осыған дейін екі мәрте ойнап, бір-бірден жеңіске жеткен.

Сондай-ақ бүгін қажет болса, жұптық сында Елена Рыбакина/Анна Данилина және Анна-Лена Фридзам/Юле Нимайердің кездесуі жоспарланған.

Алғашқы күннен кейін Қазақстан 2:0 есебімен алда келеді. Үш жеңіске қол жеткізген команда Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Матч елорда уақытымен сағат 14.00-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Билли Джин Кинг кубогында Қазақстан рекордына қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатының жолдамасына таласады.


Соңғы жаңалықтар