Теннистен Штутгарт турнирі: Бейбіт Жұқаев іріктеу сайысының финалына өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 230-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Штутгарт (Германия) АТР 250 турнирінің іріктеу сайысында сенсациялық жеңіске қол жеткізді.

Бейбіт Жұқаев
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Отандасымыз іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 158-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хуслердің мысын басты.

Іріктеу сайыстарының 8-ракеткасы болып тіркелген швейцариялық теннисші фаворит саналғанымен, Бейбіт одан айласын асыра алды – 6:3, 5:7, 6:4.

Бір сағат 40 минутқа созылған бәсекеде Жұқаев 13 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын құр жіберген жоқ. Хуслер 16 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) көзге түсті.

Бейбіт іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 124-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен кездеседі. Оны жеңсе, жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ролан Гаррос турнирінің финалында есе жібергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар