Теңіз кен орнын игеруге неліктен шетелдіктер тартылды – сарапшы себебін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Теңіз жобасындағы таза пайданың 65 пайызы мемлекетке тиесілі. Бұл туралы Aimaq подкастында nergy Monitoring қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов айтты.
Оның атап өтуінше, 1990-жылдары Қазақстанның мұнай кен орындарын өз күшімен игеруге қажетті технологиялары болмаған. Тіпті Ресейдің өзінде де мұндай күрделі кен орындарын игеру мүмкіндігі шектеулі еді.
- Мұнай – біздің басты байлығымыз. Алайда сол кезде, өкінішке қарай, оны өзіміз игере алмадық, өйткені қажетті технологиялар болмады. Теңіз кен орнындағы барлау жұмыстары кезінде 37-ұңғыма бір жыл бойы жанып тұрды. Кеңес Одағы бұл өртті сөндіре алмады. Ақыры Канададан келген компаниялар бір жылдан кейін ғана өртті сөндірді. Сондықтан шетелдік инвесторлар қажет болды, – деді ол.
Спикердің пікірінше, шетелдік инвестиция тек Теңіз кен орны үшін ғана емес, Қарашығанақ сияқты ірі жобаларды игеру үшін де маңызды болды.
Оның сөзінше, Теңіз жобасынан түсетін таза пайданың шамамен 60–65 пайызы мемлекетке тікелей түседі. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жобаға 20 пайыздық үлесі бар.
Дегенмен спикер ұлттық компанияның үлесінен түсетін дивидендтер мен мемлекетке тікелей түсетін кірістерді ажырата қарау қажеттігін атап өтті. Өйткені ұлттық компания дивидендтерді басқа жобаларын дамытуға да бағыттай алады.
- Мемлекет үшін ең маңыздысы – табиғи рентадан түсетін салықтар. Мысалы, Теңіз жобасында таза пайданың 60–65 пайызына дейін, ал Қарашығанақ жобасында 70 пайызына дейін мемлекетке тиесілі, – деді ол.
Бұдан бөлек, спикердің айтуынша, мұнай-газ компаниялары табиғи газ, күкірт, пропан және бутан секілді өнімдерді ішкі нарыққа экспорттық бағадан төмен бағамен жеткізеді.
Мәселен, оның келтірген дерегіне сәйкес, пропан-бутанның экспорттық бағасы тоннасына 500 доллар шамасында болса, Теңізшевройл ішкі нарыққа бұл өнімді шамамен 180 доллардан сатады.
Бұған дейін Теңіз кен орны 170 млрд доллар инвестиция тартуға себеп болғанын жазған едік.