Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта жанданды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрлігі Теңіз кен орнында өндірістік операциялардың қайта басталғанын хабарлады.

Теңіз кен орны
Фото: Энергетика министрлігі

Жедел штабтың мәліметіне сәйкес, бүгін сағат 03:35-те алғашқы ұңғыма сәтті іске қосылды. Технологиялық қондырғылар іске қосылып, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі уақытта 5 ұңғыма пайдалануға берілді. «Теңізшевройл» компаниясының техникалық қызметтері келесі топтық өлшеу қондырғысын іске қосуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұнай өндіру көлемін арттыру жүйе параметрлері тұрақтандырылып, өндірістік процестердің толық қауіпсіздігі қамтамасыз етілуіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Бұған дейін, 26 қаңтарда, Екінші буын зауыты сәтті іске қосылған болатын. Оның жұмысы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған Королев кен орнынан жеткізілетін шикізатпен қамтамасыз етіліп жатыр.

ҚР Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жобаның жоспарлы қуаттылыққа қысқа мерзімде шығуын қамтамасыз ету мақсатында операторға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.

- Қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін өндірістік нысандарда тікелей Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жұмыс жүргізіп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда, басты басымдық – өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қатаң талаптарын сақтау, - делінген хабарламада.

«Теңізшевройл» ЖШС-дегі апаттан соң пропилен өндірісі тоқтағанын жазған болатынбыз.

Теңіз кен орнында жанып кеткен трансформаторлар жөнделіп, мұнай өндіру бір апта ішінде қалпына келтірілетіні туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар