Теракт кезінде жарғыны бұзған әскерилердің бірі Президенттен араша сұрады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат  - Ақтөбе қаласында 5 маусымда орын алған террористік акті кезінде жарғыны бұзды деп айыпталған 6655 әскери бөлімнің бұрынғы қызметкерлері Қайнарбек Тастамбеков пен Қайырғали Оразжанов бүгін сотта соңғы сөздерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Теракт кезінде жарғыны бұзған әскерилердің бірі Президенттен араша сұрады

«Мен өзімді кінәлі санамаймын. Маған тағылған айыппен келіспеймін. Бұл жерде соттың алдында мен емес, менен де жауапты адамдар отыруы керек еді. Кінәлі еместігімді дәлелдейтін деректер болмады. Егер мен шынымен айыпты болсам, осы майор шеніне дейін қалай жеткенмін, қалай аяқ астынан қылмыскер болып шыға келдім. Тергеу барысында мені үрейленіп, қашып-пысып жүрген қылып қойды. Мен əділдікті іздеймін.  Қазір Президентке ашық хат жолдап, оқиғаның жай-жапсарын толық баяндадым»,-деді айыпталушы Қайнарбек Тастамбеков. 

Айта кету керек, мемлекеттік айыптаушы майорға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрап отыр. Ал екінші айыпталушы Қайырғали Оразжанов өзіне тағылған айыпты толық мойындап, зардап шеккендерден кешірім сұрады. Əскерилер ісіне қатысты сот үкімі ертең шығады. 

Тоқтала кететін жайт, әскерилерге  "Қарулы шабуыл кезінде қызметіне немқұрайлы қарады және әскери жарғыны бұзды" деген айып тағылған болатын. Террористік топ тұтқиылдан шабуыл жасағанда  екеуі де әскери жарғыға сай әрекет етпеген.  Айыптау материалдарында көрсетілгендей, бесінші маусым күні Қайнарбек Тастамбеков кезекші, ал Қайырғали Оразжанов көмекшісі болған. Тергеу қорытындысы бойынша, олар міндеттерін орындаудың орнына дәретхана терезесінен секіріп, қашып кетіп, соның кесірінен адамдар оққа ұшқан. Алайда, офицерлердің бірі өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Естеріңізге салсақ, Ақтөбе маусымдағы теракт кезінде 7 адам қаза болып, 30-ы жарақаттанды. Арнайы операция кезінде 18 террористің көзі жойылып, тоғызы ұсталған болатын.

Зада Зейін