Теһранда Шәкәрімнің парсы тіліндегі поэмасының таныстырылымы өтті - шетелдегі қазақ баспасөзі

Теһран
Фото: parstoday.ir

 Kazinform шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

ШЫҰ елдерінің Денсаулық сақтау министрлері Қазақстанда бас қосты - TRT

Қазақстанның бас қаласы Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің денсаулық сақтау министрлері бас қосты, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы. 

Қазақстанда бас қосты
Фото: TRT

Атап айтқанда, Үндістан, Қытай, Иран, Пәкістан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан денсаулық сақтау министрлері мен ресми тұлғалары Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың ұйымдастыруымен «Цифрлық үкімет» кеңсесінде өткен ШЫҰ елдері Денсаулық сақтау министрлері кеңесінің 7-ші отырысына қатысты.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, Астанадағы жиналысқа сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Ниязалиев және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық директоры Ханс Клюге де қатысқан.

Сиандағы қазақстандық терминалдан контейнерлік пойыз Әзербайжанға 11 күнде келді – «Халық газеті»

Осы жылдың 11 наурызында Бакуде ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Әзірбайжанға мемлекеттік сапары барысында Сиань қаласындағы (Қытай) жаңа қазақстандық көлік-логистикалық терминалдан контейнерлік пойыздың келуі бойынша телекөпір өтті. Бұл туралы Қытайдың «Халық газеті» басылымы «Rail-news.kz»-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Сиандағы қазақстандық терминалдан контейнерлік пойыз Әзірбайжанға 11 күнде келді
Фото: people.cn

Пойыз Апшерон (Әзербайжан) станциясына Қазақстан арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша транзитпен келіп жеткен.

Ақпарат көзінің дерегінше, контейнерлік құрам шамамен 7 мың шақырымды артқа тастап, 11 күнде жүріп өтті. Қазақстан бойынша Алтынкөлден Ақтау портына дейінгі қашықтық 3128 км қашықтықты пойыз үш тәулікте жүріп өткен. Мультимодальды тасымалдау барысында контейнерлер Қазақстанда екі рет – «KTZE Khorgos Gateway» Құрғақ портында және Ақтау теңіз портында қайта тиелді, содан кейін Каспий теңізі арқылы Баку халықаралық сауда портына, сол жерден – Апшерон станциясына жеткізілген.

Айта кетейік, бұрын Қытайдан Қара теңіз порттарына жеткізілім 53 күн болса, қазір – 18 күнге қысқарған.

Шәкәрімнің әйгілі поэмасы парсы тіліне аударылып, Теһранда таныстырылымы өтті – «Parstoday»

Иран күнтізбесінде 21 есфанд (11 наурыз) Низами Гәнджавиді ұлықтау күні деп белгіленген. Сол 11 наурыз күні Теһранда орналасқан Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Мәдени институтында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасының парсы тіліндегі нұсқасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «Parstoday»

Теһран
Фото: parstoday.ir

Осы атаулы күнге орай өткен «Низамимен үйлескен жүрек күйі» (Нәзм-е дел ба Низами) атты семинарда ЭЫҰ Мәдени институтының директоры Саад Хан мырза, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры әрі «Тұран-Иран» зерттеу орталығының директоры доктор Ислам Жеменей, Ташкент мемлекеттік шығыстану университеті докторы қатарлы бірқатар елдерден келген ғалымдар сөз сөйледі.

Семинар соңында екі кітап – Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы мен Шахин Бұхараидың «Ләйлі-Мәжнүн» кітабының парсы тіліндегі нұсқаларының тұсауы кесілді.

Айта кетейік, Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын қазақ тілінен парсы тіліне аударған – Гаухар Омарханова.

Қытайдағы шабандоз қазақ қызы арманын айтты - «Harajorga» 

Қытайдың Іле аймағынан шыққан кәсіби шабандоз қыз Мүнира Серіктұрдықызы «Ақжелкен» атты сайгүлігіне мініп, түрлі атүсті ойындарын көрсеткенде көпшілікті таңғалдырмай қоймайды, деп жазады Қытайдың «Harajorga» ақпараттық парақшасы. 

Қытайдағы шабандоз қазақ қызы өз арманын айтты
Фото: видеодан кадр/mp.weixin.qq.com

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, Қытайдың Іле аймағында туған Мүнира кішкентайынан жылқы жануарын өзіне серік етіп, кең жайлауда ат құлағында ойнап өскен. Атына мінгенде бөлекше образға кіріп, ертегілердегі батыр қыздардай айбатты көрінетін шабандоз Мүнира қарапайым өмірде өте ұяң да биязы қыз екен.

Қазір Шыңжаң байырғы экологиялық паркіндегі шабандоз әрі ат бапкері болып жүрген қыз жалғыз осы Мүнира ғана. Ол тілшіге берген сұхбатында ат спортын қатты ұнататынын айтқан.

«Ол күнделікті «Ақжелкеніне» мініп әртүрлі ат үсті ойындарын қойып, көпшіліктің көңілінен шыққанды мақтаныш сезінеді. М.Серіктұрдықызы қолы босай қалған сәтте «Ақжелкенін» жетелеп серуендегенді ұнатады. Оның арманы көптеген ат спорты ойындарына қатынасып, үлкен сахналардан көріну әрі жанкүйерлеріне Шыңжаңдық сәйгүліктерді баптап мінетін шабандоз қыздардың кәсібилігін мойындату», - деп жазады қытайлық БАҚ.

«Дудар-ай» әнін орындаған сібе ұлтының өкілі жұрт назарын аударды – CNR

14-ші Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы өкілінің «Дудар-ай» әнін орындаған видеосы әлеуметтік желіде кеңінен таралып, жұрттың назарын аударды, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы». 

«Дудар-ай» әнін орындаған сібе ұлтының өкілі жұрт назарын аударды – CNR
Фото: mp.weixin.qq.com

Әнді орындаушы Іле облысына қарасты Шапшал сібе автономиялы ауданы, Шапшал қалашығы партия көмитетінің орынбасар төрағасы, қалашық бастығы Күң Фифи есімді азаматша екен.

Күң Фифи өз ұлты басқа болса да қазақтармен жиі араласып тұратынын, соның арқасында «Дудар-ай» әнін үйренгенін айтады.

«Біздің қалашыққа қарасты Ұзынбұлақ дейтін қыстақ бар, бұл қыстақ автономиялы өлке бойынша ең үлгілі қыстақ. Онда негізінен қазақ ұлты қоныстанған. Мен осы тұрғындардың үйіне көп барамын, «Дудар-ай» әнін солардан үйрендім», - дейді Күң Фифи.

«Алтайым» Канн теледрама фестивалінде «Үздік ұзақ метражды драма» тізіміне енді - «Жэньминь жибао»

7-ші Канн теледраматургиялық фестивалінде шыңжаңдық жазушының романы бойынша түсірілген «Алтайым» атты шағын телехикая «Үздік ұзақ метражды драма» байқауының іріктеу тізіміне енді. Бұл туралы осы аптада «Жэньминь жибао» басылымы хабарлады.

Канн жүлдесінің тізіміне енді
Фото: weixin.qq.com

Қытайлық басылымының мәліметінше, Канн теледрама фестивалінің негізгі байқауының іріктеу тізіміне енген «Алтайым» фильмінің тұсаукесері 7 сәуір күні Канн қаласында өтеді.

Байқауда аталған туынды 5 басты жүлде үшін әлемнің басқа елдері мен аймақтарының 7 драмасымен бәсекеге түседі.

Айта кетейік, «Алтайым» – Шыңжаңдық жазушы Ли Жуанның шығармасы бойынша түсірілген 8 бөлімді шағын телехикая. Оның продюсері Дапэн, режиссері Тэн Конгконг. Басты рөлдерді Ма Йили, Чжоу Йиран, Ю Ши, Әлімжан, Әлима, Қайрат және т.б. өнер адамдары сомдайды.

Өзбекстан Президенті Қазақстан Премьер-Министрін қабылдады- «ӨзА»

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 15 наурыз күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов бастаған үкіметтік делегацияны қабылдады. Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі хабарлады.

Өзбекстан
Фото: uza.uz

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше,мемлекет басшысы ҚР Премьер-Министр Олжас Бектановты жақында осы қызметке тағайындалуымен шын жүректен құттықтап, жауапты қызметінде толағай табыстар тілеген.

Өз кезегінде Қазақстан Үкіметінің басшысы Өзбекстан Президентіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.

Кездесуде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы көпжақты әріптестікті одан әрі кеңейту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, болашақта жоғары деңгейдегі бірлескен іс-шараларға дайындық аясында ынтымақтастықтың жаңа күн тәртібін қалыптастыруға ерекше назар аударылған.

Өзбекстан Президенті Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты түбегейлі кеңейту мақсатында үкіметтік деңгейде тығыз және жүйелі қарым-қатынастарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар