Теректі ауданында бірнеше нысан пайдалануға берілді - БҚО

Покатилов ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес республикалық бюджеттен 131,8 млн. теңге бөлініп, жаңа су құбыры іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда 348 аула (1015 тұрғын), 6 әлеуметтік нысан таза ауыз сумен қамтылды.
Сонымен қатар «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес ауылдық елді мекендерді дамыту аясында мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Іргетасы 1968 жылы қаланған, 45 жылдық тарихы бар мәдениет ошағында 20 мың кітап қоры бар ауылдық кітапхана да орын тепкен.
Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев қатысып, мердігер компаниялар - ПМК-117 мекемесі мен «West story service» ЖШС-ына алғысын білдірді.
Сондай-ақ осы күндері Аңқаты ауылында да мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Аудан басшысы Жеңіс Серікқалиев мердігер Батырғали Иманғалиевке ризашылығын білдірсе, кезінде «Аңқаты» асыл тұқымды мал зауытын басқарған аудандық мәслихат депутаты, «Құрмет» орденінің иегері Мағауия Зайнуллин игі тілегін жеткізді.
Мәдениет үйінде түрлі бөлме, би залына қоса 15 мың кітап қоры, 750 оқырманы бар кітапхана да бар.
Жаңарған мәдениет үйінде Аңқаты ауылының түлегі, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиеваның қатысуымен концерт қойылды.