Теректі ауданында спорт кешені салынуда - БҚО

Осыған орай Теректі ауданы орталығы Федоров ауылында тамыз айында іргетасы қаланып, құрылысы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқын алуда.
Облыстық бюджет қаржысына жүзеге асырылып жатқан кешен аудандағы ірі нысандардың бірі болмақ. Оның жалпы құны 102 миллион 498 мың теңгені құрап отыр. Ал құрылысты жүргізуші осы тектес нысандарды салуда елеулі тәжірибесі бар «КМТ Сити Строй» ЖШС. Кешенде бассейн, тренажер, волейбол, күрес залдары болады. Сонымен қатар кешеннің ауласында спорт ойындарын өткізу үшін қосымша спорттық жабдықтармен қамту орайластырылмақ.
Сондай-ақ ауылда ойын алаңының жасақталуы - салауатты өмір салтын орнықтыруға бағытталған жұмыстардың бір көрінісі. Жобаны «ТасқалаТрансГаз» ЖШС жүргізді. Жасанды көк шөп егілген аулада теннис алаңы да жасақталды.
Тағы бір нысан - Федоров ауылындағы стадионның абаттандырылуы жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Қазіргі уақытта алаңдағы жүгіру жолына ұзындығы 400 метр болатын спорттық арнайы жабын төселуде. Спортсүйер көрермендер үшін 120 адамға есептелген орындықтар да қойылмақ. Сондай-ақ төрешілерге, спортшылардың киім ауыстыруына арналған бөлмелер жабдықталып, шамдар да орнатылады. Бұған қоса волейбол ойынының алаңы салынып, қоршаулар сырланып, стадион әрлене түспек. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан жобаны «Луч» МКҚК жүргізуде.