Терезеде отырып жауап алатын тергеушілер бар – Қасымов ғимарат тапшылығы жайлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ішкі істер органдары қызметтеріне ғимарат керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел орталығы Алматыдан Астанаға көшкелі бері бірде-бір ІІД, ТЖД немесе ҚАЖД ғимараты салынған жоқ. Ал қала, өздеріңіз көріп отырғандай, қатты өсіп, халықтың саны миллионнан асып кетті. Біздің аудандық бөлімшелердің бірі әкімдік жеке тұлғадан жалға алған коттеджде отыр. Терезе алдындағы тақтайға сүйеніп, адамдардан жауап алып жатқан тергеушілер бар. Адамдарға кейде дәлізде кезек күттіріп, арыздары бойынша жауап алуды күтіп тұрған кезде тіпті ұяламыз. Бұл - өте күрделі жағдай. Біз бұл мәселені бұрыннан көтеріп келеміз, мәселе енді ғана шешілгелі жатыр», - деді Қалмұханбет Қасымов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, полиция қызметкерлерінің көбі мұндай жағдайда жұмыс атқарудан бас тартқан. Осы себепті министр Астанада еңбек ететін қызметкерлер өзге өңірлерге ауыса алмайтындай бұйрық шығарған. Кей тәртіп сақшылары Астанаға келіп, жұмыс істеуге ынталанғанымен, аз уақыттан кейін басқа жаққа ауысу жөнінде баянат жазатын көрінеді.

«Астанадағы өзге қызметтерді айтпаған күннің өзінде, бізде тергеушілер, анықтаушылар мен жедел қызметкерлердің жетіспеушілігі айқын сезіледі. «Ramada Plaza» бойынша біршама сұрақтар туындаған болатын. Ол бірнеше рет сатылды. Бүгін-ертең қаулы шыққан жағдайда біз ол ғимаратты қабылдап аламыз», - деп түйді министр.

Еске сала кетсек, осыған дейін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астана қалалық ішкі істер департаментін «Ramada Plaza» қонақ үйі ғимаратына орналастыру мәселесіне қатысты түсініктеме берген болатын. Ол өз сөзінде аталмыш ғимаратты ішкі істер органдары үшін арнайы сұрап отырғанын айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram