Терезеден құлаған балалар саны екі есе өсті — дәрігер

АСТАНА. KAZINFORM — Терезеден құлап жатқан балалардың 80-90 пайызы 5 жасқа толмаған сәбилер. Бұл туралы Астана қаласындағы № 2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары Динат Көжекенов мәлім етті. 

Терезеден құлаған балалар саны екі есе өсті — дәрігер
Фото: Алматы әкімдігі

— Жыл сайын балалардың жарақат алу көрсеткіші 10-20 пайызға өсіп отыр. Мысалы, былтыр жарақат бөлімінде 38 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді, ал биыл 42 мың баладан асып түсті. Соның ішінде ауыр жарақатқа, балаларды мүгедек жағдайға алып келетін төтенше жағдай — терезеден құлау. Терезеден құлаған балалардың саны да екі есе өсіп отыр. 2023 жылы 71 бала биіктен құлаған, оның 31 жағдайда терезеден құлау оқиғасы, соның ішінде 1 бала мерт болды, — деді Динат Көжекенов Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер келтірген мәліметке сүйенсек, 2024 жылы 95 бала биіктен құлаған, оның ішінде 63 бала терезеден құлап отыр және 4 бала қайтыс болды.

— Биыл алты айда 89 биіктен құлады, оның ішінде 63 бала терезеден құлап, 6-ы мерт болды. Сол үшін де терезеге әртүрлі тежегіш, тор орнату керек. Терезеден құлап жатқан балалардың 80-90 пайызы 5 жасқа толмаған сәбилер. Әрине, біздің тараптан бала қауіпсіздігі тақырыбында түсіндіру жұмыстары, хабарлама, видео роликтер тарату жұмысы жүргізіледі. Баланың қауіпсіздігі, денсаулығы үшін жауапты алдымен ата-ана, — деп толықтырды маман.

Бұған дейін хабарлағанымыздай жыл басынан бері елордада 13 бала терезеден құлап, көз жұмды

Айта кетсек, биыл шілдеде елордада бір күнде 4 бала терезеден құлап, екеуі мерт болды

Соңғы жаңалықтар