Тергеу барлық шешімдер тізбегін анықтауы тиіс — Авершин Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға туралы
Құрылтай депутаты Константин Авершин Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты пікір білдіріп, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тарту керек деген ойын білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Оның айтуынша, оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза болған қайғылы оқиға қоғамда кең резонанс туғызды.
— Операцияны кім жоспарлады? Теңізге түсіру туралы шешімді кім қабылдады? Ауа райын кім бағалап, қауіпсіздікке кім жауап берді? Он төрт адамның қазасына әкеп соққан шешім немесе әрекетсіздік тізбегінде қай жерде қателік жіберілді? — деп жазды депутат.
Авершиннің атап өтуінше, тергеу оқу-жаттығуға дайындық және оны өткізу кезінде қабылданған барлық шешім тізбегін қамтуы тиіс.
Оның пікірінше, атқаратын лауазымы мен әскери шеніне қарамастан, әскери қызметшілердің қаза болуына әрекеті немесе әрекетсіздігі себеп болуы мүмкін барлық адам жауапкершілікке тартылуы керек.
Депутат сондай-ақ қайғылы оқиғадан кейін қабылданған шараларға назар аударды. Атап айтқанда, ол Үкіметтік комиссияның құрылғанын және Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру жүргізіліп жатқанын еске салды.
Сонымен қатар Авершин қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
— Ақша ұлдарын ата-анасына қайтара алмайды. Бірақ отбасылар қайғы-қасіретімен жалғыз қалмауы керек, — деді ол.
Сонымен бірге депутат болған оқиғаға қатысты шындыққа жанаспайтын ақпарат пен алып-қашпа сөздердің таралуына жол бермеуге шақырды.
Авершиннің айтуынша, қоғамға объективті тергеу жүргізіп, қайғылы оқиғаның себептерін анықтау қажет.
— Елге арандату емес, шындық керек. Егер қылмыстық салғырттық анықталса, кінәлілер ең қатаң жазаға тартылуы тиіс. Егер мәселе жүйелі болса, жүйенің өзі өзгеруі керек, — деді депутат.
Ол тергеу барысында болған оқиғаның мән-жайларын жасырмай, «кінәлі адамды құрбан етуге» және жекелеген лауазымды тұлғаларға ерекше жағдай жасауға жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті.
Еске салайық, Каспийдегі қайғылы оқиға 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкетті.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссияға атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы Президентке жеті күн ішінде баяндау тапсырылды.
Бүгін Президент Дәурен Қосановты Қазақстанның Қорғаныс министрі қызметінен босатып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметовті тағайындады.