Тергеу изоляторында отырған 4 мыңға жуық адам қалай дауыс береді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тергеліп, қамауда отырған 4 мыңға жуық адам президент сайлауында арнайы учаскеде дауыс береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ел аумағындағы тергеу изоляторларында 16 жабық сайлау учаскесі құрылды. Олар орналасқан жеріне қарай сайлау округтеріне кіреді.
«Дауыс беруге құқығы бар тергеліп жатқан 4 мыңдай адам елімізде өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатыса алады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға сәйкес, тергеу изоляторында отырған, сот үкімі заңды күшіне енбеген кәмелет жасына толған адамдар жалпыға бірдей сайлау құқығына ие. Олар 16 жабық сайлау учаскесінде дауыс береді. Бұл науқан көп жылдардан бері үнемі жоғары деңгейде өтіп жүр» делінген хабарламада.
Заңға сәйкес, тергеу изоляторындағы сайлау учаскелеріне өткізу режимі мен қолжетімділік қатаң деңгейде қамтамасыз етіледі.