Тергеушінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалануы борышкердің өліміне әкеліп соқты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай қаласының №2 соты Қостанай қалалық ІІБ бұрынғы тергеушісі А.Дидухқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығарды.
None
None

Іс материалдары бойынша, 2015 жылдың ақпан айының басында азамат Г. өзінің танысы болып келетін Қостанай қаласы ІІБ-нің тергеушісі А.Дудихтан азамат К-нің тұрғылықты жерін анықтауды және одан қарыз ақшаны қайтарып алуға көмектесуді өтінеді.

Өтінішті қабыл алған А.Дидух азамат Г.-нің атынан К.-ні қарызын қайтармағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жалған арыз жазып, «Арыз қабылданды» деген графаға тергеуші ретінде өзінің қолтаңбасын қойған. Алайда, сотқа дейінгі тергеудің біріңғай тізіміне арызды қасақана тіркемеген.

Осыдан кейін қарыз ақшаны қайтару күнін 2015 жылдың 8 ақпаны деп белгілеген. Алайда, ол күні берешегін қайтара алмаған азамат К. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қорқып, өз-өзіне қол салған.

2015 жылдың 9 ақпанында сағат 04.30. шамасында Мичурино ауылындағы тұрғын үйдің гаражында азамат К.-нің өлі денесі табылған.

Сол күні «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі анасының парақшасын К.-нің жазған хабарламасы табылған. Онда ол жексенбі күні, яғни, 2015 жылдың 8 ақпанында қайтаруға тиіс қарыздарын бере алмағандықтан, өзіне-өзі қол жұмсауға барғанын жазып қалдырған.

Сот үкімімен Дидух Антон Александрович ҚР ҚК-нің 362-бабының 2- бөлігі (билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану) бойынша айыпты деп танылып, оған айқын міндеттердің жүктелуімен пробационды бақылау белгіленіп, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар