Террористер тыныш өмір сүрген қазақстандықтардың бірлігін бұза алмайды - Ш.Нұрымов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Террористер тыныш өмiр сүрiп жатқан қазақстандықтарды қорқытып, үрейлендірмек болды. Бірақ, керiсiнше, олардың бұл қатігез әрекетi бiздi, қазақстандықтарды одан сайын біріктірді, дейді ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, Қазақстан ұйғырлары этномәдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрымов осылай мәлiмдедi.
«Ақтөбеде ойран салған террористер тыныш өмiр сүрiп жатқан қазақстандықтарды қорқытпақшы болды, үрейлендірмек болды. Керiсiнше, олардың бұл қатігез әрекетi бiздi, қазақстандықтарды ұйытты, бiрiктiрдi, достығымызды, туысқандығымызды одан да күшейттi», - дейді депутат.
Депутат лаңкестердiң қатігездігінен қаза болған жандардың туыстарына қайғырып көңіл айтты.
«9 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні болады. Бүкіл Қазақстан аза тұтады. Қазақстанның халқы террористердің қолынан қаза тапқан әрбiр қазақстандықтың қайғысына ортақ», - дейді Ш.Нұрымов.