Терроризмді қаржыландыру қауіптерін бағалаудың халықаралық орталығы құрылды
 
                                              Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылы 2 ақпанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Қаржылық барлау бөлімшелері басшылары кеңесінің (ҚБББК) 16-шы отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Ж.Қ.Элиманов және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржылық барлау бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Отырыс барысында Жанат Элиманов Қазақстан Республикасында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қолданылған шаралар бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Отырыс қорытындысы бойынша маңызды шешімдердің бірі Ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру қауіптерін бағалаудың халықаралық орталығының (ҚБХО) құрылуы болып табылды.
ҚБХО ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық қаржыны жылыстау мен терроризмді қаржыландыруға қарсы жүйелерінің жаңа сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге дайын болуын, бірлескен қарсы шаралардың уақтылы әзірленуін, сондай-ақ өзара мәлімет алмасуды қамтамасыз етуге мүдделі.
Одан басқа, ҚББ басшылары ақшаны қайта бөлу және жылыстату бойынша қызметтердің көлеңкелі нарық субъектілерін анықтау және тергеу саласындағы бірлескен жұмысты бастауға келісті.
Сондай-ақ, ҚБББК елдерінің қаржылық барлау қызметі мемлекеттердің кеден қызметтерімен бірлесіп, «Қолма-қол ақшаның трансшекаралық қозғалысын талдау» жобасы аясында қолма-қол ақша айналымын бақылау бойынша өзара іс-қимыл жасайтын болады.
Отырыс нәтижесінде халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша ТМД ҚБББК мен ТҚО бірлескен операциясын жүргізу жоспары және оларды терроризмді қаржыландыру үшін пайдалану қаупі жоғары аумақтардың тізімі бекітілді.
Кеңестің келесі отырысын қолайлы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 2021 жылдың көктемінде Душанбе қ. (Тәжікстан Республикасы) өткізу жоспарланған.