Терроризмге осал білім беру нысандарының саны 10 мыңға дейін артты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Терроризмге осал білім беру нысандарының саны 10 мыңға дейін артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Терроризмге осал білім беру нысандарының саны 10 мыңға дейін артты

«Білім беру ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігі – болашағымыздың кепілі. Бұл барлық органдардың – басты міндеті. Сондықтан, бұл мәселе – Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Бұрын терроризмге осал объектілер қатарына 200 адамнан тұратын оқу орындары кіретін. 2021 жылы бұл өлшем – 100 оқушыға дейін өзгертілді. Нәтижесінде, мұндай білім беру объектілері 6,5 мыңнан 10 мыңға дейін өсті», - деді ол.

Осы ретте министр Терроризмге қарсы қорғау жөніндегі нұсқаулық бекітілгенін атап өтті.

«Енді адам саны 300-ге дейінгі мекемелерде бейнебақылау мен жариялау жүйелері болу керек. Ал, 700 адамға дейінгі объектілер бейнекамераларды Жедел басқару орталықтарына қосып, дабыл түймелерін орнатуы тиіс. Адам саны 700-ден асса, бұл ұйымдарда және облыстық орталықтағы мектептерде турникеттер және лицензиясы бар күзетпен жасақталған келісімшарт болуы қажет. Қазіргі уақытта, осы талаптарға сәйкес, әкімдіктер білім беру ұйымдарының тізімін жаңартып жатыр», - деді Марат Ахметжанов.