Теріс қылық үшін жұмыстан шығарылғандарды мемқызметке қабылдауды шектеу мерзімі өзгерді

мемқызметші
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты - мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы конституциялық нормаларға сәйкес келтіру.

«Заң жобасы Конституциялық Соттың 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулысын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Конституциялық Сот азамат Б.Қ. Аргумбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішін қарады. Осы норма мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауапқа тартылған азаматтарды 3 жыл бойы мемлекеттік қызметке қабылдауды шектейді. Бұл ретте, мемлекеттік қызметке осындай тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған азаматтар өмір бойы жіберілмейді. Конституциялық сот азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге құқығы тек заңдармен және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандығын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік қағидаттарын сақтау үшін қажет шамада ғана шектелуі мүмкін екенін атап өтті», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай.

Конституциялық Соттың пікірінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзу әрекеттерін жасаған азаматтардың жағдайы тәртіптік теріс қылықтар үшін жұмыстан шығарылған адамдармен салыстырғанда жеңілірек.

«Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағының 6) тармақшасының ережелері азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасауға әкеп соғады, әділдік, пропорционалдық және мөлшерлестік талаптарына сай келмейді. Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымына сәйкес, мұндай кемшіліктерді жою үшін заң жобасымен Мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті түзетулер енгізу ескерілген. Бұдан басқа, заң жобасы Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 22-НҚ нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталған», - деді агенттік басшысы.

Заң жобасы Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16, 59, 61, 64-1-баптарына түзетулерді қамтиды. Мерзімсіз тыйым салудың орнына мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауды шектеудің 2 жылдық мерзімі белгіленеді (16-баптың 3-тармағының 6) тармақшасы).

«Құжатта мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі шектеулерді салааралық саралау (дифференциациялау) көзделген. Шектеулер бойынша нормалардың редакциясы өзгергендіктен, 59 және 61-баптарға түзетулермен Заңның 16-бабының ережелеріне тиісті сілтемелер жасалды. Сондай-ақ, келісімшарттық қызметшілер бойынша 64-1-бабы (ұқсас шектеулер) және 2023 жылғы 3 қаңтардағы Заңның нормалары да 16-бапқа сәйкес келтірілген. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды», - деді Дархан Жазықбай.

Соңғы жаңалықтар