Тетігін тапса туризм де ел экономикасын өрге сүйрейтін салаға айналар еді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Туризмнің ел әлеуетін арттыра алатынын, экономиканы әртараптандырып қана қоймай, оның іргелі қозғалтқышына айнала алатынын әлемдік бірқатар елдердің тәжірибесі дәлелдеп отыр. Мәселен, соңғы онжылдықтарда мемлекет қазынасында туризм саласының рөлі айтарлықтай артқан елдер қатары да өсе түскен. Алайда, түрлі табиғи, тарихи, мәдени әлеуеттердің болғанына қарамастан, Қазақстанда бұл сала кенжелеп келеді.
None
None

Бір ғана шындық, жыл сайын қазақстандық туристер сыртқа шығып, шет елдердің бюджетіне 400 млн. долларға жуық қаражатын қалдырып жатыр. Есесіне, отандық ішкі туризм дамудың орнына табандап кейін кету кейпінде. Бұған себеп қайсы? Ойланбастан берілетін бірден бір жауап - баға мен қызмет сапасы. Дегенмен, бұған кешенді шаралардың, ең бастысы мемлекеттік қолдаудың жан-жақтылығы қажет екендігі айқын. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында туризмді дамыту перспективалары талқыланып, осыған қатысты бірқатар мәселелер ақтарылған болатын. Мәжіліс алдында туризмнің жай-жапсары туралы баяндаған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жалпы туризм саласының әлемдік экономикадағы рөлі айтарлықтай маңызға ие болып отырғанын айтады. Біздің елімізде де соңғы жылдары динамика жағымды бола бастаған. Дегенмен, туризмнің тұрлаулы дамуы үшін әлі де келтірер кедергілер аз емес. Ең бастысы, министрдің пайымынша, Қазақстанның халықаралық туризм нарығына ену перспективалары зор. Алайда, дәл осы салаға бүгінгідей көзқарас қала берсе, туристік дүмпудің болмасы да анық. Сондықтан да, туризмді дамытудың болжамды сценарийі құрылған. «Бүгінгі таңда әлемдік экономика дамуы оңай болып отырған жоқ, жаһандық жағдайдың одан әрі қалай өрбитіні де әзірше түсініксіз. Осының бәрі ел бюджетіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан да, біз туризм саласының дамуына қатысты ықтимал үш сценарийді негізге алдық. Оның біріншісі - пессимистік сценарий, бұл ретте бүгінгі деңгеймен даму болжанып, мемлекеттік қолдау соншалықты қамтылмайды. Осылай болса, жеке сектор инвестициясы 2020 жылға қарай шамамен 2 миллиард доллар құрауы мүмкін, ал туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайызға жетіп, 56-60 мыңға тарта жұмыс орындары құрылады. Екінші - мемлекеттік және жеке сектор бойынша инфрақұрылымға инвестиция қаралады. Онда біз жеке сектордан 4-4,5 млрд. доллар инвестиция күтеміз, ал туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1,5 пайызды құрап, 150-170 мың жұмыс орны құрылмақ. Бұл - бізге мейлінше жақын, мейлінше шынайы сценарий», - деді Әсет Исекешев. Сонымен қатар, министр оптимистік сценарийге де тоқталып өтті. Бұл реттегі болжам бойынша туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4 пайызға дейін жетеді. Ал жеке инвестициялар көрсеткіші 6 миллиард долларды құрап, түпкі нәтижеде 300 мыңға тарта жұмыс орындары құрылуы мүмкін. «Бұл сценарийде туризм саласында мемлекеттік қолдау барынша артады, оның ішінде қаржылық қолдау да кеңінен қамтылуы шарт. Осылайша, оптимистік сценарий іске асса, Қазақстанға жылына 8-9 миллионға жуық турист келеді», - дейді Әсет Исекешев. «Түйіндей айтқанда, тиісті мемлекеттік қолдаулар жасалса біздің есебіміз бойынша, бұл салада 170 мыңнан 300 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашуға болады. Сонымен қатар, туризм саласындағы бір жұмыс орны өнеркәсіптегі бір жұмыс орнын ашуға кеткен шығыннан 10 есеге арзан. Ең бастысы, бұл салаға жастар мен әйелдерді көбірек тартуға мүмкіндік зор», - дейді министр. Тоқтала кететін жайт, Үкімет сағаты барысында депутаттық корпус та саланың ілгері дамымай отырғанын бірнеше факторларға жіктеп, соларға назар аудартқан болатын. Мәселен, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Сейітсұлтан Әйімбетовтің пайымынша, туристік салаға қолдау болса, ол ел экономикасының жалпы дамуына серпін бере алады. Тіпті саламен тікелей байланысты көлік, байланыс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да осы сияқты 32 сала туризм арқасында тың серпінмен дами алады екен. «Халықаралық сарапшылардың деректері бойынша, туризм табыстылығы кіріс әкелу жағынан мұнай өндіру өнеркәсібінен және автомобиль жасау саласынан кейін әлем бойынша үшінші орынды иеленеді. Алайда, туристік әлеуетке бай Қазақстанда оның үлесі елдің ЖІӨ-не шаққанда бар болғаны 0,3%-ды құрайды. Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстанның туристік саласының мүмкіндігі қарапайым бағамен алғанда, жылына 10-нан 20 млрд. АҚШ долларына дейінгі аралықта және ЖІӨ құрылымында 6-7%-ды құрай алатын еді», - дейді С. Әйімбетов. Бұдан бөлек, депутат елімізде ішкі туризм дамымай отырғандықтан, қазақстандық туристердің дені сыртқа ағылатынын алға тартады. «Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес 2011-2013 жылдары Қазақстаннан сыртқа шыққандардың саны 27 млн. 200 мың адамды құраса, елімізге келген резидент еместердің саны 18 млн. 600 мың адамға жетіп отыр. Яғни, шыққан азаматтардың саны 9 млн. адамға көп. Ішкі туризмнің көрсеткіштері тіпті мүшкіл жағдайда. 2011-2013 жылдары барлығы 9 млн. 700 мың адам ішкі туризмнің қызметтерін пайдаланған. Және бұл үш жылдық кезең көрсеткіші, тек бір - 2013 жылғы сыртқа шыққандардың санынан 400 мыңға аз. Яғни, отандық туристік саланың қазіргі жағдайы біздің елімізге шетел туристерін тартуды айтпағанның өзінде, тіпті қазақстандық тұтынушының сыртқы нарыққа бағдарланғанын анық көрсетіп отыр. Туристік қызмет құрылымында 60%-дан астамын сыртқа шығу туризмі алып отыр және тек 6%-ы ғана кіру туризмінің үлесіне тиеді. Яғни, осы салада оң балансты қалыптастыру үшін, бірінші кезекте, бізге туристік қызметтердің отандық сатып алушылары үшін күресу керек», - деп пайымдайды Сейітсұлтан Әйімбетов. Бұдан бөлек, депутат қызмет көрсету саласында кезек күттірмей шешім қабылдауды талап ететін проблемалар қатарына туризм индустриясы объектілерінде білікті персоналдардың тапшылығын да жатқызады. «Көптеген елдерде осы салада халықтың 5 пайызы жұмыспен қамтылған. Мысалы, Францияда - 10 %, Италия мен Швейцарияда - 15 %. АҚШ-тың туристік сервисінде 4 млн. адам жұмыс істейді. Батыс Еуропада қонақүй шаруашылығында 6-7 млн. адам қызмет жасайды. Ал бізде аталған сала бойынша барлығы 168 мың адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 2 %-ы ғана осымен айналысады», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов. Ал депутат Алдан Смайыл туризмді дамытуға тиісті лауазымды адамдардың, жоғары биліктегі тұлғалардың өзі Қазақстанда демалмайтынын алға тартады. «Егер біздің министрлер, басшылар Бурабайда демалатын болса, оның көлін баяғыда тазалап шығатын еді. Оқжетпеске барамыз, Бурабайдың көліне түсе алмай қайтамыз. Бұны қалай түсінуге болады?», - дейді депутат Алдан Зейноллаұлы. Екінші мәселе ретінде депутат А. Смайыл мектеп туризмін дамытудың қажеттігін алға тартады. «Қазақстанның балалары - Қазақстанның тарихи ескерткіштері болып табылатын тарихи мақтанышының бәрін аралап көруі керек. Біздің туризммен айналысатын жоғары орган мектеп оқушыларының міндетті түрде көруі тиіс ескерткіш орындарын айқындауы керек. Мәселен, Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы ханның мазары, Домбауыл кесенесі, Жамбыл облысындағы Қарахан мен Айша Бибі кесенесі бар, Түркістан бар. Осындай ескерткіштер анықталғаннан соң ата-ананың қалтасына ауыртпалық салмайтындай бағамен мектеп оқушыларын аралататын туризмді дамытуға тиіспіз», - дейді Алдан Смайыл. Оның сөзіне қарағанда, бұндай істі мектептердің өзі ұйымдастырып жатыр, бірақ сапасы соншалықты жоғары емес. Ал Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева Қазақстанда емдеу-сауықтыру туризмін дамыту да аса маңызды екенін айтады. «Демалыс маусымының аралығында туристерге не ұсынамыз?» деп жатырмыз. Емдеу-сауықтыру орындарын салыңыздар - ондай жерлерден жыл бойы турист үзілмес еді. Бүгінде біздің азаматтарымыз жасару үшін, арықтау үшін, пластикалық операциялар жасату үшін мыңдаған шақырым жол жүріп, шетелдік курорттарға барады. Ал оларға неге сондай жағдай елімізде жасалмайды», - деді Д. Назарбаева. Вице-спикердің айтуынша, мұндай емдеу-сауықтыру индустриясы әлемде кең таралған. «Бізде оған қажетті жағдайдың бәрі бар: минералды бұлақ көздері де бар, емдік балшықтар да бар. Яғни, біздің жеріміз бұл жағынан бай. Дегенмен, көңіл жеткілікті емес», - деді Дариға Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар