The New York Times Пентагонды журналист құқықтарын бұзды деп сотқа берді
АСТАНА. KAZINFORM — Бейсенбі күні The New York Times газеті АҚШ Қорғаныс министрлігі мен ведомство басшысы Пит Хегсетке қарсы сотқа шағым түсірді. Бұл – Пентагонның жаңа саясатына байланысты, деп хабарлайды NPR.
Қыркүйекте жарияланған жаңа саясатқа сәйкес, аккредитацияланған журналистерге министрлік басшылығы ашық пайдалануға арнайы рұқсат бермеген, құпия емес материалдарды да таратуға тыйым салынады.
Мұндай ақпаратты алуға тырысқан журналистер «қауіпсіздікке қатер төндірушілер» ретінде қарастырылады.
Пентагонның дерегінше, жаңа ережелер ведомстводан ақпараттың сыртқа шығуын болдырмауға бағытталған.
Алайда The New York Times және бірқатар басқа бұқаралық ақпарат құралдары бұған қарсы наразылық ретінде өз баспасөз рұқсаттарынан бас тартты.
Мамыр айында Хегсет журналистердің ресми жетекшісіз Пентагонның көптеген ғимараттарында еркін қозғалу мүмкіндігін шектейтін жаңа ережелерді жариялады. Бұл өзгеріс демократтар мен республикалықтар басқарған әкімшіліктер кезінде қалыптасқан көпжылдық дәстүрді бұзды.
Кейін, қыркүйекте БАҚ ұйымдарына рұқсат етілмеген материалдарды жарияламау – тіпті оларды іздемеу туралы міндеттемеге қол қоюды талап ететін шешім қабылданды.
Осы аптада Пентагон жаңа баспасөз корпусын ресми түрде қарсы алды.
— Ескі медиалар бұл ғимараттан өз еркімен кетуді шешті. Ал сандарға қарасақ, неге ешкім олардың соңынан ермегені түсінікті болады. Негізгі медиаға деген жалпыұлттық сенім 28 пайызға дейін түсті — бұл тарихтағы ең төменгі көрсеткіш. Америкалықтар бұл үгітшілерге сенбейді, өйткені олар шындықты айтпайтын болған, — деді Пентагонның баспасөз хатшысы Кингсли Уилсон.
Шағымда Пентагон баспасөз рұқсаттарын кенеттен өзгертіп, журналистерге бұл шешімге шағымдануға мүмкіндік бермегені айтылады. Бұл әрекет олардың Конституциямен қорғалатын әділ қаралу құқығын бұзады деп көрсетілген.
— Пентагонның баспасөзге қолжеткізу саясаты заңсыз, өйткені ол мемлекеттік шенеуніктерге аккредитацияны кімге беру, кімге бермеу туралы шексіз өкілеттік береді. Бұл — Бірінші түзету бойынша тыйым салынған. Қоғамға Пентагондағы процестерді бақылайтын тәуелсіз журналистика және оны таныстыратын журналистер қажет, әсіресе министрлік әрекеттері барған сайын мұқият бақылауға алынып жатқан кезде, — деді Баспасөз еркіндігі үшін репортерлар комитетінің саясат жөніндегі вице-президенті Гейб Роттман.
Сонымен қатар түсірілген шағымда Қорғаныс министрлігі мен Хегсеттен бөлек, Пентагонның баспасөз хатшысы Шон Парнелл де жауапкер ретінде көрсетілген.
Бұған дейін Трамп әкімшілігінің Wall Street Journal басылымын президенттік баспасөз пулынан шығарғаны хабарланған.
Сондай-ақ Трамп The New York Times газетін жала жапты деп сотқа берді.