Тығырыққа тірелген Газада тәртіпсіздік белең ала бастады - ДДСҰ

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус бейсенбі күні тығырыққа тірелген Газада тәртіпсіздік белең ала бастағанын айтты. Сондай-ақ ол шұғыл медициналық көмекті қажет ететін адамдарды анклавтан эвакуациялау үшін гуманитарлық дәліз жасауға шақырды, деп жазады Синьхуа.

Газа секторында гуманитарлық жүк   көлігі аударылып, 20 адам мерт болды
Фото: Анадолы

- Адамдар аштықтан ғана емес, азық іздеп жанкешті әрекеттердің салдарынан, аурудан өліп жатыр, - деді ДДСҰ бас директоры Женевада өткен брифинг барысында.

 Бұл ретте ол 27 мамыр күні азық-түлік тарататын орындардан тамақ алу кезінде 1600 адамның құрбан болғанын, 12 мың адамның жарақат алғанын атап өтті.

Оның сөзінше, Газа тұрғындарының басты деген қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі, олар азық-түлік жеткізіліміне қойылған тосқауыл салдарынан зардап шегіп жатыр.

- Тойып тамақ іше алмау онда әдеттегі жағдай, ал аштықтан өліп жатқандар саны күн санап өсіп келеді, - деді ол.

Бұл ретте ол шілде айында 5 жасқа дейін 12 мың баланың қатты ашыққанын жеткізді. Бұл тарихтағы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр.

Адамдар санының шектен тыс тығыз шоғырлануы, сумен қамту мен санитарлық және гигиеналық жағдайдың нашарлығынан ауру жұқтыру өршіп барады.

ДДСҰ бас директоры қақтығыс басталған 2023 жылдың қазан айынан бері ұйым Газадан 7522 адамның эвакуациялануына көмек көрсеткенін жеткізді. Алайда анклавта әлі 14,8 мың адам арнайы мамандандырылған медициналық көмекке зәру.

Осыған дейін Газа секторында гуманитарлық жүк көлігі аударылып, 20 адам мерт болғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар