Тікелей тәржімаланбаса өзге тілдер арқылы аударылған дүниелер түпнұсқадан алшақтай береді екен - «Кішкентай ханзаданың» аудармашысы

АЛМАТЫ. 3 қазан. ҚазАқпарат - Француз тіліндегі түпнұсқасынан қазақшаға 2004 жылы аударылған Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» романы араға 9 жыл салып енді ғана жарық көрді. Оны аудармашы Жанар Қонаева бүгін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында өткен кітаптың тұсаукесер рәсімі кезінде айтты.
None
None

«Бұған дейін бұл шығарманы 1967 жылы Тәкен Әлімқұлов орыс тілінен қазақша аударған болатын. Ол кітаптың бір данасы қазір ұлттық кітапхананың архивінде сақталған. Оқырмандар тарапынан сұраныс көп болған соң 2004 жылы Қазақстандағы Франция Елшілігі маған «Кішкентай ханзаданы» қазақшаға аударуға өтініш айтып, Антуан де Сент-Экзюперидің француз тіліндегі түпнұсқа кітабын берді. Оны ерекше шабытпен оқып, қысқа уақытта аударып, 2 айдан кейін оны Елшіліктің мәдениет жөніндегі кеңесшісіне берген едім. Француз альянсы оны шығару үшін бірқатар баспа үйлеріне ұсыныс жасаған екен, тек «Атамұра» баспасы ғана оны қабыл алыпты», - дейді Француз альянсы директорының орынбасары Ж. Қонаева. Оның айтуынша, французшадан орысшаға, одан кейін орысшадан қазақшаға аударылғандықтан кітаптың бұған дейін жарық көрген қазақ тілінде шыққан нұсқасы түпнұсқадан біраз алшақтап кеткен көрінеді. Жалпы бұл кітап Жанардың алғашқы аудармасы болып отыр. Француз ертегілері жинағын аударуға қатысқан оның сөзіне қарағанда, егер баспалар қызығушылық білдірсе оны да кітап етіп шығаруға Француз альянсы дайын.

Соңғы жаңалықтар