TikTok, Instagram және Telegram: 29 қолданушы не үшін қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — «Super Vision» мониторинг экожүйесінің жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына жауап берген Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлім етті. 

TikTok, Instagram және Telegram: 29 қолданушы не үшін қамауға алынды
Фото: Kazinform/ЖИ

— Әлеуметтік желілердегі (TikTok, Threads, Instagram, Telegram, Facebook) құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жүйелі жұмыс шеңберінде Ақпараттық саясат департаменті 184 аккаунтты тексерді. Олардың нәтижелері бойынша 86 пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке (56 адам — айыппұл, 29 адам — қамауға алу, 1 адам — қоғамдық жұмыстар) тартылды, — деді Ержан Сәденов.

Сонымен қатар министр Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының тапсырмасын орындау аясында онлайн-платформалардан және БАҚ ашық дереккөздерінен ақпаратты жинау мен талдауды автоматтандыруға арналған «Super Vision» мониторинг экожүйесінің жобасы (әзірлеу сатысында) іске асырылып жатқанын атап өтті.

Бұған дейін Ержан Сәденов онлайн-ортада суреттік бейнесін заңсыз пайдаланғаны және балағаттағаны үшін азаматтардың шағым беру тәртібін жетілдіру қажеттігін айтқан еді.