TikTok-та әскерилердің қазасына қатысты орынсыз пікір айтқан тұрғын жазаланды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – TikTok-та қоғамға құрметсіздік танытатын сөздер айтқан Шымкент тұрғыны қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok желісіндегі тікелей эфирді анықтады.
Эфир кезінде Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғыны Бердібай Нұрахмет көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап беру барысында қоғамға құрметсіздік танытатын сөздер айтқан. Эфирге сондай-ақ 22 жастағы Мусурманқұл Абзал мен Мұстафа Бақдәулет қатысқан.
– Сот шешімімен Бердібай Нұрахмет 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар үш азаматқа да қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту беріліп, олар бір ай мерзімге ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды, – деп хабарлады Шымкент қаласының полиция департаменті.
Бұған дейін Шымкентте TikTok-та балағат сөз айтқан төрт блогердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған едік.