TikTok-та тараған видео: Қызылордада мысыққа қатыгездік көрсеткен ер адам жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — 21 қыркүйек күні TikTok әлеуметтік желісінде ер адамның мысықты қинап, қатыгездік танытқаны туралы бейнежазба тарады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

TikTok-та тараған видео: Қызылордада мысыққа қатыгездік көрсеткен ер адам жазаланды
Фото: Kazinform\ЖИ

Полиция қызметкерлері жедел түрде бейнежазба бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген.

— Қабылданған шаралар нәтижесінде жануарға қатыгездік танытқан адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Ол 43 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны Серік Кетенов болып шықты. Оған айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, оған мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жасалды. Жануарға қатыгездік таныту қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екендігі түсіндірілді.

Үй жануары тірі, зардап шеккен жоқ.

— Полиция жануарларға қатыгездік көрсетуге жол берілмейтінін еске салды. Жануарға күш қолдану, оны қинау немесе зиян келтіру заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады, — деп ескертті құқық қорғау органынан.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде үй жануарларын ұстау ережелері өзгергенін жаздық.