TikTok трендтері енді сөздікте: Cambridge 6 мың жаңа сөз қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Cambridge сөздігіне TikTok-тан шыққан «delulu», «tradwife», «skibidi» секілді жасөспірімдер сленгі енгізілді, деп жазады DW.

Ағылшын тіліндегі ең беделді сөздіктердің бірі — Cambridge Dictionary — биылғы онлайн-нұсқасына 6 мың жаңа сөз қосты. Олардың арасында TikTok желісінен таралған жасөспірімдер сленгі де бар. Атап айтқанда: tradwife («дәстүрлі әйел»), delulu («елеске сенетін»), mouse jiggler («тышқан қозғалтқышы») және skibidi (мағынасы әртүрлі болуы мүмкін: «керемет» немесе «нашар»).
Tradwife сөзі отбасында өз еркімен дәстүрлі гендерлік рөлдерді атқаратын әйелді сипаттайды — мысалы, үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелейді. Соңғы уақытта мұндай әйелдер жайлы видеоблогтар TikTok пен басқа да платформаларда кең танымал бола бастады.
Delulu — жастар арасында жалған немесе шындыққа жанаспайтын нәрсеге сенетін адамды немесе сол сенімнің өзін білдіреді. Бұл сөз ағылшын тіліндегі «delusional» (елестегі, шындықтан ада) деген сөзден шыққан.
Mouse jiggler — қашықтан жұмыс істейтіндер қолданатын бағдарламалар. Олар компьютердің тышқанын автоматты түрде қозғалтып тұрады. Бұл құрылғы немесе бағдарлама компьютердің ұйқы режиміне өтпеуіне көмектесіп, адамның жұмыс істеп отырғандай әсер қалдыруына мүмкіндік береді.
Ал skibidi сөзі — 3D-аниматор Алексей Герасимов жасаған Skibidi Toilet веб-сериалынан кейін кең таралған. Онда унитаз денелі, адам басты фантастикалық жаратылыстар бейнеленеді.
Кембридж сөздігінің өкілдері бұл сөздердің енді тілде орнығып, тұрақты қолданылатын терминдерге айналады деп үміттенеді. Себебі сөздікке тек шын мәнінде қолданысқа еніп кеткен неологизмдер ғана қосылады.
Бұған дейін Германияда 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok пен Instagram-ға тыйым салу ұсынылғанын хабарлаған едік.