Тікұшақ апатының себептерін екі бірдей ведомство өкілдері тексереді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында болған тікұшақ апатының себептерін екі бірдей ведомство өкілдері тексереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бұ туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов ведомствода өткен брифингте айтты.

«Оқиғаның мән-жайын тергеумен ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері айналысатын болады», - деді министрліктің ресми өкілі.

Сондай-ақ, ол экипаж мүшелерінің бәрі білікті мамандар болғанын еске алды.

«Экипажда білікті, жоғары тәжірибелі мамандар болғанын атап өткім келеді, олардың әуеде ұшу сағаттары да аз емес. Әрқайсысының авиақұтқару саласындағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, ал жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асады», - деді Руслан Иманқұлов.

Еске салсақ, кеше Батыс Қазақстан облысында «Қазавиақұтқару» АҚ-ға тиесілі тікұшақтың «апатты жағдайда қонып», 4 адамның мерт болғаны хабарланған болатын.

Бүгін таңертең ТЖМ Батыс Қазақстандағы оқыс оқиғадан қаза тапқандардың аты-жөнін жариялады.


Фото: t.me/qr_tjm




Соңғы жаңалықтар