«Тіл» оқыту-әдістемелік орталығы өзге ұлт өкілдеріне өз ана тілдерін үйренуіне жағдай жасап отыр

АЛМАТЫ. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының жанынан құрылған «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығы өзге ұлт өкілдеріне өз ана тілдерін оқып үйрену үшін тұрақты курстар ұйымдастырып отыр.
None
None

Бұл жайында бүгін Алматы қаласы әкімдігінің «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Тамара Жұмағұлова Қазақстан-корей жастарының қазақ тілін оқу форумы барысында айтты.

Орталықтың материалдық-техникалық базасында қала бойынша заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған 10 мультимедиалық бөлмелері бар.

«Медиакабинеттердің барлығында іс жүргізуге қажетті құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлгілері, екі тілді электронды сөздік, қазақ тілі орфографиясы мен орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасау бағдарламасы және оқыту үрдісінде жиі қолданылады деген 11 электронды бағдарлама енгізілген», дейді Т.Жұмағұлова.

Орталық баспадан көптеген оқу құралдарын, өздігінен білім алуға арналған әр сала бойынша жасалған тілашарларды жасап шығарған. Сонымен қатар қала көлемі бойынша жергілікті атқару органдарының қызметкерлеріне, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне және қала тұрғындарына мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін үйрену курстары ұйымдастырылған. «Мемлекеттік тілді оқыту курсы бойынша 2009 жылы 118 топта, 1042 тыңдаушы оқып білім алды. Бүгінгі күні 66 топта, 488 тыңдаушы білім алуда», дейді Тамара Мәлікқызы.

Сондай-ақ ол «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында тілді үйретуге білікті мамандар тартылғандығын айтады. «Оқытушылар әр жыл сайын біліктілік көтеру курсынан өтіп тұрады. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлерге, ересек адамдарға тіл үйреткенде оқытушының өте сауатты, білікті, білімді маман болғаны дұрыс», дейді тіл маманы.

Соңғы жаңалықтар