Тіл саясатында асығуға да, кешігуге де болмайды - Ахметжан Есімов

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов кеше "Ана тілім - ардағым" деп аталатын фестиваль кезінде осылай айтты.
"Тәуелсіздік алғанға дейін қалыптасқан тілдік ахуалды салыстыру уақытты, төзу мен табанды күш-жігерді, тыңғылықты істі қажет етеді. Бізге ең алдымен елдің берекесі, ынтымағы мен бірлігі қажет. Тіл ел ішіндегі татулықтың, қоғамдағы тұрақтылықтың алтын діңгегі екені ешқашан естен шығаруға болмайды", - дейді А. Есімов. Ахметжан Смағұлұлының айтуынша, Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделі мен биыл 20 жыл болып отырған тәуелсіздіктің беріктігі осы дара саясаттың жемісі деп түсінуіміз керек. Тәуелсіздігіміздің тұғыры, ел бірлігінің үлгісі болып отырған мемлекеттік саясаттың табыстарын ұлттың игілігі деп танып отыратын шарамызға азаматтық жауапкершілікпен қарау қажет.