Тіл жағдайын бүгінгідей деңгейге жеткізу жолында қыруар шаруа атқаруға тура келді - Әлімжан Жарылқағанов
- Әлімжан Мұратбайұлы, «Сырдың елі-жырдың елі» атанған өлкеде тіл саясаты өзге аймақтарға қарағанда мәселе деңгейіне көтерілген жоқ. Бұған өзіңіз тізгінін ұстап отырған басқарманың қосып отырған үлесі аз емес болар...
- Біздің облыс іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге 2001 жылы көшті. Дей тұрғанмен бүгінгідей деңгейге жету жолында қыруар шаруа атқаруға тура келді. Тоқсан сайын барлық облыстық, аумақтық департаменттер мен басқармалар және Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері бойынша құжат айналымы туралы мәлімет алынып, сараптама жасалып отырады. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыс әкімі аппараты мен барлық аудан әкімдіктерінің шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 100 пайызды, Қызылорда қаласының әкімдігі 99,4 пайызды, облыстық басқармаларда 99,9 пайызды, ал аумақтық басқармалар мен департаменттерде 98 пайызды құрады. Басқарма тарапынан биылғы жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында Мемлекеттік қызметке ақы төлеу, Білім саласындағы бақылау департаменттеріне және Қызылорда қаласы мен Шиелі, Қармақшы ауданынының ауылдық округ әкімдерінің аппараттарында жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жүргізілген 35 мемлекеттік мекемелердің барлығында тіл заңнамаларының дұрыс сақталғандығы анықталып, бағалау критерийлері бойынша бес жылда бір рет тексерілетін объектілер қатарына жатқызылды. Тексерілген 34 мекемеде іс жүргізу мен құжаттама тілі 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізілсе, бір мекеменің, яғни мемлекеттік қызметке ақы төлеу департаментінің шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі 85 пайызды құрады. Осыған байланысты, 100 пайызға жеткізу жөнінде тапсырмалар берілді.
- БАҚ-тан жиі байқайтынымыз Қызылорда облысының өкілдері тіл төңірегіндегі байқаулардан жиі жүлделі орын алып жатады...
- Оныңыз рас. Есепті мерзімде басқарманың ұйымдастыруымен қазақ тілінде оқитын жастар арасында орыс тілі білгірлерінің «Тіл - барлық білімнің кілті» атты байқауы , көркем әдебиетті насихаттау мақсатында көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы , Абай шығармаларын насихаттау арқылы этнос өкілдерінің арасында «Абай оқулары», мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің қазақ және орыс тілді басылымдарда насихатталу белсенділігін арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл және БАҚ», мекемелерде, ұйымдарда қазақ тілінен сабақ беретін оқытушылар арасында «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» облыстық байқаулары, үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау және қолдау мақсатында «Тілдарын - 2014» олимпиадасы өткізілді. Облыстық байқаулардың жеңімпаздары бірқатар республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. «Кәнеки, тілім, сөйлеші!» атты республикалық байқауда жас жыршы Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» газеті редакциясының тілшісі Т. Бекмырзаев пен үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қабілетті жастар арасында өткен «Тіл шебері» республикалық байқауында Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ж. Жаншораев Бас жүлдені, ақын Жұматай Жақыпбаевтың поэзиясын ардақ тұту мақсатында «Жұматай - жыр қағаны» республикалық жыр мүшәйрасында «Жастарды қолдау орталығы» МКМ Байқоңыр қалалық бөлімінің меңгерушісі Ұ.Тәңірбергенов пен «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық байқауында Тілдерді оқытудың өңірлік орталығының оқытушысы Ж.Ерекешова жүлделі ІІІ орынды иеленсе, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында «Kyzylorda-news.kz» интернет-газетінің тілшісі А. Жағыпарова «Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша, ал үш тілді жетік меңгерген жастар арасында өткен «Тіл - тұнық ойдың кәусары» республикалық олимпиадасында Қазақ - Қытай академиясының 4 курс студенті Г.Арыстанқызы, «Абай оқулары» республикалық байқауында Арал ауданының №73 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Б. Кашлева ынталандыру сыйлығына ие болды.
- Тіл саясатын жүргізудегі пәрменді құрал бұқаралық ақпарат екендігі белгілі. Жергілікті газеттер мен телеарналардың мүмкіндігін пайдаланып отырған боларсыздар...
- Басқарма облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыс орнатып, тіл тақырыбын кеңінен насихаттап келеді. Жыл басынан бері басқарманың ұсынысымен жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру және тіл шұрайын меңгеруге бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалдық телеойыны облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан ай сайын ұйымдастырылса, Қызылорда қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасы арқылы қазақ тілін үйренуге ынта білдірген өзге этнос өкілдері мен қазақ тілін білмейтін басқа да азаматтар үшін «Қазақ тілін үйренейік!» атты телесабақтар айына 2 рет жүргізілуде. Осылармен қоса облыстық телеарнадан ай сайын тіл жанашырларының, филолог ғалымдардың қатысуымен тілге қатысты өзекті мәселелер «Тіл-таным» атты танымдық телебағдарламада көтеріліп келеді. Үстіміздегі жылдың мамыр-маусым айларында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы арқылы мемлекеттік тапсырыс есебінен мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында «Тіл тазалығын сақтайық!», тамыз-қыркүйек айларында «Тіл - ұлт бірлігінің ұйытқысы» атты бейнероликтер әзірленіп, тәулігіне 3 рет эфирден берілді. Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін атап өту мақсатында Қызылорда қаласы мен аудандарда, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, білім, мәдениет ошақтарында, меншік нысанына қарамастан ұйымдардарда түрлі бағытта 500-ге жуық шаралар өтті. Есепті мерзімде мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында аудандық, қалалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында 180 мақала жарық көрді.
- Мемлекеттік қызметшілер арасында тілді оқыту курстары қандай деңгейде жүруде?
- Биылғы жылға мемлекеттік қызметшілерге және облыстық бюджеттен қаржыландыратын мекеме қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту курсына жергілікті бюджет есебінен 10 572,0 мың теңге, ағылшын тілін оқытуға 2 504,0 мың теңге қаржы бөлінді. Осы мерзімде өңірімізде құрылған «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» МКҚК арқылы 222 мемлекеттік қызметші қазақ тілін, 72 мемлекеттік қызметші ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті. Сонымен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйі, облыстық мамандандырылған сәби үйі, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің қызметкерлері Орталық оқытушылары ұйымдастырған «Тіл меңгерудің инновациялық әдіс-тәсілдері» атты біліктілікті жетілдіру курстарынан өтті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 ақпандағы № 62 қаулысымен бекітілген 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жергілікті бюджеттен «Қазтест» - қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша оқыту курстарын ұйымдастыруға Қызылорда қаласы мен аудандық әкімдіктер тарапынан қаражат бөлініп, жыл басынан бері Қызылорда қаласының 12, Қармақшы ауданының 56, Жаңақорған ауданының 15, Шиелі ауданының 13, Жалағаш ауданының 12 мемлекеттік қызметшісі осындай оқыту курсынан өтіп, сертификат алды.
- Сұхбатыңызға рахмет.