Тіл жанашырлары құрмет белгілерімен марапатталмақ

Мемлекеттік тілдің қоғамда кең насихатталуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып жүрген «Тіл жанашыры» құрмет белгілерімен марапаттау осымен үшінші мәрте өткізілгелі отыр. «Тіл жанашыры - 2011» құрмет белгісімен марапаттау рәсімі ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен 2011 жылдың 28 қарашасы күні Астанадағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында өтеді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылып келген биылғы салтанатты шарада тілімізге шынайы жанашырлық танытып, нақты ісімен қазақ тілінің көркеюіне үлес қосқан азаматтар: мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат өкілдері марапатталады», - делінген таратылған хабарламада.
«Тіл жанашыры» құрмет белгісі алғаш рет 2008 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің қолдауымен қазақ тілін зерттеп жүрген шетелдік ғалымдарға, қазақстандық тіл жанашырларына берілді. Олардың қатарында: Түркия профессоры Әбдуақап Қара, Еуропа Қыпшақтар қауымдастығының президенті Вад Ласло, Оңтүстік Кореяның Ханкук университетінің профессоры Йун Си Нэ, Мюнхен университетінің профессоры Қайум Кесижи, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман бар.
Келесі - 2009 жылықұрмет белгісінің «құндылығы» артты. Ол Өскеменнің Теңге сарайында арнайы әзірленді.Зауыттан шыққаннөмірі бірінші «Тіл жанашыры» құрмет белгісі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тапсырылды. Құрмет белгісін сондай-ақ, отызға тарта азамат алды.
Биылғы марапат ұлттық мәселе аясында пікір білдірген, баспасөз, телевизия құралдары арқылы қалың көпшілікке әсер ете білген азаматтарға сондай-ақ, өз қаражатымен қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты шараларға демеушілік танытқан меценаттарға беріледі.