Тілеген Садықұлы: Ашаршылықты зерттеуде жас тарихшылардан Бекмахановтың фанатизмін күтеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздікпен бірге, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді десек те, тарихи шындықтар легін тағына қондырдық деп айта аламыз ба? Осы сұраққа жауап іздеген кезде қазақ халқының тағдырындағы ең қайғылы да зұлматты - Ашаршылық кезеңі ойымызға түседі. Сұраусыз кеткен миллиондардың тағдыры, адамға адамның етін жегізген асқан қатыгездік пен көрсоқырлық, пайымсыз қуғын-сүргін - бодандықтың темір ноқтасын қазақтың мойнына мықтап бекітіп бергені айқын. Десе де, тарихтың сол бір қайғылы парақтары зерттелмей жатыр деп айтуға тағы келмес, ұлт қасіреті ұмыт қалмас дегенге сенгіміз келеді. Осы сеніммен тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықұлын әңгімеге тартқан едік.

- Тілеген Садықұлы, жалпы, өткен ғасырдың отызыншы және қырқыншы жылдар аралығы қазақ халқының тағдырының ең бір қилы да қайғылы кезеңі деп айтуға болады. Нақты ашаршылық кезінде қазіргі Қазақстан аумағында қанша адамның құрбан болғаны туралы біздің тарихшыларымыздың ортақ тұжырымы бар ма?

- Бұл енді қазақтың тарихындағы, күні кеше Кеңес одағын мекендеген басқа да халықтардың тарихындағы ауыр кезең болды. Қазіргі тарихшылар да, саясаткерлер де жиырмасыншы ғасырдың 20-50 жылдарындағы қиындықты тоталитарлық саясаттың зардабы деп айтып жүрміз. Зардап деген сөз қазақтың ұғымында өте ауыр сөз ғой. Оның зардабы әртүрлі: материалдық шығын немесе стихиялы түрде болуы мүмкін. Бірақ, адам шығыны деген ешуақытта орнына келмейтін нәрсе. Сол жылдардағы зардаптың ең басты тигізген зияны - адамдардың қырылғаны.

1926 жылғы мәлімет бойынша, орта есеппен қазақтың жалпы саны 5,5-6 миллионға жуық болған екен. Қазір өзіңіз қойған сұрақ бойынша қарайтын болсақ, қанша қазақ қырылды дегенде әртүрлі мәлімет айтылып жүр. Ортақ тұжырымды сұрасаңыз - оған біз қазір жауап бере алмаймыз. Өйткені, қазіргі таңда тарихшылар 2,5-3,5 миллионға жуық адам өлді деген сандарды айтып жүр. Демограф Мақаш Тәтімов қырылған қазақтың саны 3 миллионнан асып кетті деп айтқан.

Шын мәнісінде, 1925 жылғы Голощекиннің «Кіші қазан» саясатынан кейін қазақтың қалы өте қиынға ұшырады. Яғни, ең бірінші әрі басты зардабы - жаппай күштеп ұжымдастырудан келді. Қазақтың қолынан малы кетті. Негізгі күнкөріс кәсібінен айырылды. Осының салдарынан қазақ қырғынға ұшырай бастады. Әсіресе, ең ауыр кезең - 1932-1933 жылдар. Қазір тарихшылар да, зерттеушілер де осы мәселені көтеріп жүр. Ал жиырмасыншы жылдардың басындағы 1,5 миллион адамнан айырған ашаршылықтың, содыр саясаттың салдарын біз кезінде айтқанымыз жоқ. 1920 жылдан 1921 жылға қараған кезеңде Қазақстанның солтүстік және батыс өңірінде 1 миллионнан астам адам ашаршылықтан опат болған. Яғни, жаңа экономикалық саясатқа көшуге байланысты содыр саясаттың кеселінен сол кезде де халықтың көбі қырылып кетті. Жаппай қуаңшылық болды да, мал кетті. Мынаны қараңыз, содыр саясат дегеннен шығады: ол кезде большевиктер салықтың формасын қойған. Қазақтың ауылының бәрі егін салмайды. «Малы бар ауылға бәлен тонна астық бересің» деп салық салынған. Одан бас тартуға пәрменсіз сорлы қазақ барады да, қолындағы малын базарға сатып, екі-үш есе қымбатқа астық бидай сатып алып, соны салыққа беріп отырған. Халық күйзелмегенде қайтеді? Бұл - жиырмасыншы жылдың соңында 21-ші жылдың басында болған нәрсе. Одан кейінгі - «Кіші қазан» саясаты. Яғни, біздің қалыптасқан өмір салтымыздан - мал шаруашылығының негізгі түрінен айыру бірінші кезекте зардапқа әкеп соқтырды.

Кімде нәубет болды? Әрине, бірінші қазақта болды. Басқа көрші Азия елдері - мына өзбектер, басқа елдер олай қырғынға ұшыраған жоқ. Олар өйткені, табанын тіреп, өздерінің күйкі тіршілігі негізін сақтап қалды. Ондай қатты «Кіші қазан» секілді төңкеріс ол жақтарда болған жоқ. Қазақтың сорлап қалғаны - осыдан.

- Демек, сол кезеңде қазаққа салынғандай салық өзбектің немесе тәжіктің мойнына түскен жоқ па?

- Жоқ. Салынды. Саясат барлық жерде бірдей болды. Бірақ, олардың өмір салтын құртып жібермей, сақталып қалуына мүмкіндік берді. Ал біздің негізгі дәстүрмен ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымыздың түрі - мал шаруашылығын түп-тамырымен қопарып, быт-шытын шығарды. Қазақтың қолындағы малын жиып алып, колхоздарға біріктіру кезінде не істеген? Өмірі үйренбеген халықты апарады да, малын жиып алады. Оның ешқандай базасы жоқ. Жем-шөп дайындалмайды. Мал қырылмағанда қайтеді? 1932 жылғы мәлімет бойынша, қазақтың ірі-қарасының үштен екісі қырылған. Жылқысының жақсысының көбі кетіп қалған. Мал кетті дегеніңіз  - қазақтың күйі кетті деген сөз. Оның салдары ашаршылыққа әкеп соқтырды. Міне, ең нәубет - ұжымдастырудың ең ауыр жүгі - біздің басымызға түскен себебі сол деп ойлаймыз.

- Жалпы, қазіргі уақытта тарихшылардың, әдебиетшілердің бірқатары «сол кездегі саясат қазақ ұлтын мақсатты түрде жоюды» көздеді деген пікір білдіреді. Сол пікірге тарихшы ретінде не дер едіңіз?

- Енді, арнайы қазақты құрту керек, жою керек деген тапсырма болмаған шығар. Бірақ, сол кезеңдегі қазақты басқаруға келген билік басындағылардың осы саясатты жүргізгені хақ. Голощекин Филип Исаевич 1925 жылы өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келді деген нені білдіреді? Ол Сталинге жазған хатында айтады: «Қазақтар ұйықтап жатыр. Қазақтың ауылдарында социализмнің иісі жоқ. Бұларды ояту керек» дейді. Ояту керек деген - түп-тамырымен қопару деген сөз. Екіншіден, осы саясатқа қарсы шыққан қазақтың мықты белгілі тұлғаларын қуғынға салды. Бұл озбырлыққа ең бірінші қарсы болғандардың бірі - Смағұл Сәдуақасов. Не істеді? Ақыры, оның қалай өлгенін де біз толық білмей отырмыз. Басқалар да солай болды. Қызыл шоқпардың қазақтың басына бірінші тигені рас.

Оның үстіне, мен мына жайды ерекше атап өтер едім. Басқа түркі тектес халықтардан гөрі қазақтың ішінде оқыған, зиялы, көзі ашық мықты қайраткерлер көп болды. Алаш партиясынан бастап Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді қайраткерлердің болғанын білесіздер. Тұрар Рысқұловтың Кеңес Одағы үкіметінің Халықтық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болып, сондай дәрежеге көтерілгені - біреу есіркегеннен емес. Мықтылығымен, білімімен сондай дәрежеге шықты. Ол ашық сол тұстағы озбыр саясатқа қарсы шықты. Сол үшін пантүркист, яғни  түркі халықтарын біріктіруші, ұлтшыл деп көрсетіп, оны құртып жіберді. Солай емес пе!? Кеңес үкіметін бірінші қолдап, ақ гвардияшылардың қуғын-сүргінінен аман қалған Сәкен Сейфуллин не болды? Ақыры сол, қызыл шоқпардан көз жұмды. Сәкеннің қай жерде жерленгенін осы күнге дейін анық білмейміз. Міне, сондықтан осы бір-екі фактор өзінің рөлін атқаруы мүмкін. Үшінші фактор, мен айтар едім, қазақтың орналасқан жерін, географиясын қараңыздар. Ең бірінші, Ресей патшалығы кезіндегі экспансиялық отарлық саясат он сегізінші ғасырдың басында қазақ жерінен басталды. Содан кейін барып ХІХ ғасырдың ортасында Орта Азияға келді. Алдымен қазақты бағындырып, бірнеше әкімшілік реформаны жүргізгеннен кейін барып келді. Осының бәрі айналып келгенде мың өліп, мың тірілген қазақтың басына шоқпар болып тиді.

- Еврей ұлты неміске «Холокостты» мойындатпақ түгілі, мың жыл бұрынғы тілін тірілтіп, ел болып, әлемдегі ең озық ұлттардың қатарынан көрініп отыр. Ал біз 80 жыл бұрынғы ғана тарихымызды түгендей алдық па?..

- Мынау тарихыңның түп-тамырының тереңде жатқаны үшін оны жай сөзбен емес, нақты мәліметтермен, деректермен дәлелдеу керек. Бізде ол мәлімет, дерек жоқ емес, бар. Біз соны кезінде жоғалтып алдық. Енді қазір соны тауып, жұмыс істеудің бастапқы қадамы жасалып жатыр. 2004 жылы «Мәдени мұра» деген үлкен бағдарлама іске қосылды. Сонда бір шеті шығыс, бір шеті батыстан біз құжаттарды жинақтай бастадық. Ұшан-теңіз материал бар. Енді соны игеруіміз керек. Оны тек жинап алып, хаттап, сөреге салып қою емес - ол тарихи құжаттарда не жазылғанын білетін мықты ғалымдар керек. Жігерлі жастар қажет. Араб тілінде, көне шағатай тілінде жазылған немесе қытай, Еуропаның басқа тілдерінде жазылған материалдар көп қой. Сонау он төртінші ғасырдың соңында он бесінші ғасырдың мұғдарында батыстан келген ғалымдардың өзі қазақты керемет мақтап кеткен. Сондықтан, қазақтың тарихында айтатын мәселелер көп. Соны шынайы ғылыми пайымдаудан шығару деген мәселе - ол енді болашақтың ісі. Бірақ, болашақтың ісі деп арқаны кеңге салуға болмайды. Белсенді түрде жұмыс істеуіміз керек.

- Біздің тарихшылар сол материалдарды қаншалықты игере алып жатыр?

- Қазір құдайға шүкір тарихшылар үшін бір оң заман туды. Біріншіден, біздің жастау кезімізде архивпен жұмыс істеу деген бір қиямет болатын. Бәрі жабық болды. Жібермей, ұстап отырды. Ал енді қазір ондай жоқ. Мүмкіндікті жасап жатырмыз. Бұл бір. Екіншіден, қазір білім саясатының бір жақсы кеңістігінің магистратураға, докторантураға орын бөліп жатыр. Жас тарихшыларға біз ашаршылық секілді аса зерттелмеген тақырыпты беруге тырысамыз. Бірақ, осы бір кезіндегі Ермұхан Бекмаханов секілді ұлы тарихшыларда болған қайтпас фанатизм, жан дүниесімен беріліп, осы ғылымды екшеп кететін жас ұрпақ әлі аздау. Жоқ деп айтуға болмас. Аздау. Қазір сол магистратура мен докторантураға түскен сол атақты алып алып, содан кейінгісін көреміз деген бейіммен жұмыс істеп кететіндер бар. Әйтпесе, қазір мүмкіндік зор. Сондықтан, ашаршылықтың зерттелу жұмысында жас тарихшылардан Бекмахановтың фанатизмін күтеміз.

Мен мысалы кандидаттық диссертация қорғаған кезде партиялық тақырыптар болды. Сонда архивке кірген уақытта бізге дәптер беріп, алба-жұлба кесік-кесік бүкіл дәптерден жалбыраған бес-алты ғана мәліметті алып шығатынбыз. Қалғанының бәрін айтуға тыйым салатын. Қазір ондай жоқ. Басқасын былай қойғанда, «Мәдени мұрамен» келіп жатқан материалдың өзін игеріп ал. Ең бірінші жігер керек. Мың өліп, мың тірілген қазақтың тарихын зерттейтін мықты жастар керек деп ойлаймын. Жоқ деп айтпаймыз. Мен тарих факультетінің деканымын. Жас тарихшыларды тәрбиелеуге тырысып жатырмыз. Бірақ, мұнда ойланатын мәселелер көп...

- Қазақтың барлық жерінде ашаршылық кезінен қалған молалар, қорымдар баршылық. Сол қорымдар зерттеліп жатыр ма?

- Ол сұрағыңызға былай деп жауап берер едім. Ол ашаршылықтағы сұрауы жоқ қырылып қалған халық түгілі, қазір үлкен тұлғаларымыздың өзін тауып, толық өмірін зерттей алмай жатырмыз. Жаңа айтқанымдай, Сәкен Сейфуллиннің қайда жерленгенін білмейміз. Сондықтан, бірінші кезекте белгілі бір тұлғаның іздеушісі, ұрпағы болатын болса, онда ол жұмыс жүруі мүмкін. Ал толық деңгейде үлкен мемлекеттік және ғылыми деңгейде жұмыс жүргізіліп жатыр деп мен айта алмаймын. Қазақтың кез келген жері ашаршылықтан былай қойған күнде де үлкен лагерьлер жүйесі - ГУЛАГ-тың алпысқа жуық лагерлері мен бөлімшелері болған. Бір ғана КарЛАГ-тың өзінде жетпіс мың тұтқын болды. Соның қырылып қалғандарын екінің бірін іздеп сұрап жатқан жоқ. Мына жерде кезінде КарЛАГ-тың орталығы болған Долинка деген жер бар. Сонда Мамочкин бейіті дейді. Барғандар біледі. Сонда өлі туған балалар немесе ашаршылықта қырылған балалардың жерленген жері төмпешік-төмпешік болып жатыр. Айналасының бәрі лагерь болған. Қазір анау КарЛАГ-та, басқа кеңестік лагерьлерде қырылған басқа ұлттың өкілдері, қазақ пен орыс қана емес, Еуропа елдерінің халықтары, поляк, неміс, мажарлардың ұрпақтары келіп, лагерьлердің орнына ескерткіш қойып кетіп жатыр. Яғни, іздеушісі бар. Сол жерде өлді-ау деген жорамалмен келіп жатқандар да баршылық. Әрине, екінші жол - НКВД-ның архивында. Құпия архивтерде аты-жөндерінің бәрі тізілген. Мәселен, «Еске алу кітапшасы» деген бар. Ресейде де, бізде де табылып жатыр. Сонда табылған адамдардың аттары белгілі болып, қай жерде жерленгендері шығып, анықталып жатқандар бар. Оның бәрі ізденіске байланысты. Егер жүйелі түрде іздейтін болсақ, біраз адамның атын табуға болады. Бірақ, соның өзінде сол жерде болды деп айтудың өзі қиын мәселе. Үлкен ізденісті талап етеді. Бірақ мәселе - қиын заманның құрбаны болған адамдардың аты ұмыт болмауы керек. Тіпті, «Еске алу кітабы» шығатын болса, яғни ол аруақ риза болып жатады ғой. Аты ұмытылып қалған жоқ, тізімде қалды деген сөз.

- Яғни, опат болғандардың тізімі жасалады деген сенім бар ғой?..

- Мүмкін. Қазір ол басталып жатыр. Бірақ, құжаттардың қаншалықты толық игерілгенін маған айту қиын. Себебі, олар - миллиондар. Мыңдар емес - миллиондар. Ал миллиондардың бәрін қопарып іздеу - ол болашақтың ісі. 

Фото:el.kz

Соңғы жаңалықтар