Тимофей Скатов Чехиядағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 271-ракеткасы Тимофей Скатов Острава (Чехия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 216-ракеткасы, испаниялық Даниэль Ринконға қарсы келді.
Тартысты өрбіген бірінші партияда Скатов тай-брейкте есесін жібермеді – 7:6 (7:3).
Екіншісінде испаниялық спортшы есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте Тимофей жеңісті жұлып алды – 6:3.
Үш сағаттан астам уақытқа созылған матчта Скатов 1 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың төртеуін ғана пайдаланды. Ринкон 11 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін қос чехиялық, әлемнің 225-ракеткасы Зденек Колар немесе рейтингіде 351-сатыдағы Филип Никодтың біреуімен таласады.
Т.Скатов ATP Live рейтингісінде қазіргі сәтте 255-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мадрид мастерс турнирінде Бублик пен Шевченконың кімдермен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына өтті.