Тимофей Скатов Германиядағы жарыста сенсация жасап, финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 308-ракеткасы Тимофей Скатов Бонн (Германия) челленджер турнирінің финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 107-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, бельгиялық Рафаэль Коллиньонмен бетпе-бет келді.
Бірінші партияда Скатов 6:4 есебімен басымдылық танытты.
Екіншісінде бельгиялық спортшы қарымта қайырды — 6:4.
Үшінші, шешуші сетте Тимофей азулы қарсыласын жерге қаратты — 7:5.
Екі сағат 49 минутқа созылған тартысты бәсекеде Скатов 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын өз пайдасына шешті. Коллиньон 6 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Тимофей Скатов финалда аустриялықтар, әлемнің 185-ракеткасы Юрий Родионов немесе рейтингіде 342-сатыдағы Йоэль Шверцлердің қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында қазақстандық теннисшілердің жұптық сында жеңімпаз атанғанын жазған едік.