Тимофей Скатов Германиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 138-ракеткасы Тимофей Скатов Карлсруэ (Германия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың алтыншы ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 440-орында тұрған ливандық Хади Хабибпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық теннисші сол басымдылығын сақтап қалды - 6:3.

Тимофей екінші сетте де 4:2 есебімен алға кетті. Сосын тағы бір брейк жасап, матчты бітірді - 6:2.

Бір сағат 20 минутқа созылған кездесуде Т.Скатов эйс жасамағанымен, 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Қарсыласы 9 эйспен ғана көзге түсті.

Тимофей Скатов финалға шығу үшін әлемнің 145-ракеткасы, чилилік Алехандро Табило немесе рейтингте 166-сатыдағы швейцариялық Леандро Ридльдің қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Недовесов Уимблдонда алғашқы айналымнан аса алмады.

Михаил Кукушкин АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар
telegram